359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Денсаулық фестивалі-2018»: түркістандықтарға тегін медициналық көмек көрсетілді

  • 203

Түркістан шаһарында «Денсаулық фестивалі-2018» акциясы кең ауқымда аталып өтті.

Онда қала тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіліп, мыңға жуық адам білікті дәрігерлерден кеңес алды.

«Денсаулық фестивалі-2018» акциясы Түркістан қаласында Рәміздер алаңынан басталды. Қазір мұнда 700-ге жуық адам жүгіру марафонына қатысады. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, басқарма және департамент басшылары, медицина саласының қызметкерлері, әскерилер және студенттер мен мұғалімдер бар. Олар қаланың орталығындағы Есім хан алаңына дейін жүгіріп барады.

Рәміздер алаңы мен Есім хан алаңының арасы үш шақырымға жуықтайды. Марафоншылардың арасында жақында ғана Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарының дзюдо мен самбодан жеңімпаздары Дидар Хамза мен Бағлан Ибрагимов те бар. Жалпы, бұл күні қала тұрғындарына медициналық қызметтің барлық түрі тегін көрсетілді.

Жадыра Тұрмақанова, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Біз қан тапсыру орталығынан бастадық, қанымыздың тобын анықтадық. кардиологиялық орындарға барып тексерілдік. Көзімізді тексердік, жалпы мұндай мамандар кездесе бермейді. Бүгін осы Есім хан алаңына келіп, денсаулығымыздың жағдайын білдік. Ашық аспан астында, таза ауада, көпшіліктің ортасында ұнап жатыр.

Әмина Тимурқызы, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің фтизе педиаторы:

- Осы фестивальге келіп, тегін медициналық қызмет көрсетіп жатырмыз. Халық арасында туберкулездің жұғу жолдарын кеңінен таныстыруға тырысып жатырмыз. Тегін тексерілуге, осы жерден туберкулездің жұғу жолдарын барынша түсіндіруге тырысамыз, келіңіздер, шақырамыз.

Байқау аясында қала тұрғындары мен қонақтарына саламатты өмір салтын ұстанудың ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар фестиваль аясында пайдалы тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, оқушылардың қолымен дайындалған өнімдердің пайдалы қасиеттерін дәріптейтін шаралар өтті.

Мұқан Егізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Барлық медицина ұйымдарының дәрігерлері қатысып, осы фестивальде тегін қызмет көрсетіп жатыр. Рентген, УЗИ – барлық мамандықтар осы жерде, бұдан бөлек саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында тағамдарды насихаттау, олардың құрамын анықтау, мақсатында үлкен акция өтіп жатыр. Оны Түркістан халқына көрсетіп жатырмыз.

Бүгін түркістандықтардың барлығы Есім хан алаңына жиналды. Бұнда спорттық шаралардан бөлек түрлі ойындар, флешмобтар және халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын мәдени шаралар ұйымдастырылды. Дәрігерлердің айтуынша, қазірге дейін мыңға жуық адам тегін медициналық кеңес алған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы