356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО мен Татарстан арасында сауда айналымы 200 млн долларға жетті

  • 122

Батыс Қазастан облысы мен Татарстан Республикасының кәсіпкерлері кеме жасау ісінде, цифрландыру және туризмді дамыту саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі.

Бұл туралы Оралда қос елдің іскер топ өкілдерінің қатысуымен өткен форумда белігілі болды. Ресми делегация қатарында Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов та бар. 

Іскерлік кездесу барысында тараптар бірнеше бағыттағы салалар бойынша өзара тиімді байланыс орнату жайын талқылады. Айта кету керек, қазіргі таңда БҚО мен Ресей арасындағы сауда айналымының көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Соның ішінде Татарстан Республикасымен арадағы көлем 200 миллион АҚШ долларына тең. Форум нәтижесінде екі елдің өндірістік кәсіпорындары арасында бірқатар келісімге қол қойылды.

Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының президенті:

- Ресей нарығының аумағы орасан зор. Сондықтан қазақстандық әріптестер бизнес саласында қандай да бір инвестиция салу жөнінде шешім қабылдайтын болса, бірінші кезекте бауырлас Татарстанға неге келмеске? Бұл бағытта біз қолдан келер бар мүмкіндікті жасауымыз керек.      

Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Татарстан Республикасының президенті өндіріс саласында кеме шығару Татарстандағы ірі зауытпен және біздің Оралдағы «Зенит» зауытымен келісімшартқа қол қойдық. Ол бір-бірімізбен тәжірибе алмасуға үлкен септігін тигізеді. Сонымен бірге цифрландыру саласында Қазандағы біздің әріптестеріміздің тәжірибесі өте мол. Соны біз бір-бірімізбен тәжірибе алмассақ дейміз, себебі біздің Елбасымыз өзінің цифрландыру бағдарламасында осыны ең негізгі бағыт етіп белгіледі. Сонымен бірге туризм саласында байланыс дамиды.

Бұдан кейін меймандар татар халқының көрнекті өкілі, ақын Ғабдолла Тоқай музейімен танысты. 2006 жылы ашылған бұл музейде ақын өмірінен сыр шертетін 300-дей құнды жәдігер сақтаулы. Ал Тұңғыш Президент атындағы алаңда меймандар Сабатой мейрамын тамашалады. Ресми делегация басшыларының құттықтауынан кейін еңбек майданында ерекшеленген этномәдени бірлестік өкілдері марапатталды. Боз кілемде білектілер сыналар «татарша корэштің»  жеңімпаздары анықталып, облыс аудандарының көмегімен жасақталған «Дәстүр» атты кең көлемді өнер көрмесінің тұсауы кесілді.

Люция Мұзафарова, Қазан қаласының тұрғыны (Татарстан Республикасы):

- Мен Қазаннан келдім Оралдағы сабантойды көруге. Мен өте ризамын, сабантойдың орналасқаны өте жақсы һәм халық өте риза. Алаңда қазақ, татар киіз үйлерін көрдім, қазақ және татар күйлері ойнап жатыр, әртүрлі билер және әртүрлі тағамдары қойылған.

Қазіргі таңда аймақта ақжайық өңірін атамекені санайтын 8 мың жарымдай татар ұлтының өкілі бар. Олардың бірлік пен берекені, тұтастық пен татулықты ту еткен «Татар этномәдени орталығы» атты қоғамдық бірлестігі облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың әркез бел ортасынан табылып келеді.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы