363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде қарапайым жұмысшыларға сұраныс артқан

  • 106

Ақтөбеде қарапайым жұмысшыларға сұраныс бар.

Облыстық білім басқармасындағылар нарыққа қажетті мамандықтарға сараптама жасап, осындай қорытынды шығарды. Өткен жылдан бері өңірде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тек мектеп бітірген түлектер емес, ауылда жұмыссыз жүрген жастардың да мамандық алуына мүмкіндік жасалды. Осы арқылы Елбасы Жолдауында айтылған экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындалады.

Расул мектепте жақсы оқыған. Алайда жоғарғы оқу орнын таңдамай, кәсіптік-техникалық білім алуды таңдайды. Газэлектрдәнекерлеуші мамандығына оқып жүр. Бизнеске қажетті маман дайындайтын колледж мемлекеттік бюджет есебінен тегін білім береді. 1947 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытына жұмысшылар дайындау үшін ашылған шағын училище бүгінде үлкен колледжге айналған.

Расул Жақсылықов, колледж студенті:

– Құрылыс саласы қарқынды дамуда. Мен сол салаға өз үлесімді қосқым келеді. Сол себепті, газэлектрдәнекерлеуші мамандығын таңдадым. Жұмыссыз қалмаймын деп ойлаймын. Зауыттарға және басқа құрылыс салаларына баруым мүмкін. Бізге әрдайым шәкіртақымыз уақытылы төленеді, ыстық тамақ беріледі. Жолақымыз тағы бар. Екінші курста оқимын, арнайы технология сабақтарын оқимыз.

Колледжде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы оқып жатқан студенттер бар. Олардың жолақысы да төленеді. Оқу орны 8 мамандық бойынша білім береді. Негізінен, құрылыс индустриясына қажетті тас қалаушылар, сылақшылар мен газэлектрдәнекерлеушілер дайындайды.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Шеберханада болашақ құрылысшылар кірпіш қалауды үйренеді. Ертеңгі күні салатын үйлері сапалы болу үшін ұсақ-түйекке мән береді. Мысалы, балшық ертіндісінің құрамы дұрыс болуы керек. Одан бөлек, қаланатын кірпіш қатарының ара қашықтығы өлшенеді.

Мұндағы 615 студенттің 80 пайызы – ауыл балалары. Колледжді тәмамдағаннан кейін көбі бірден жұмыс табады. Себебі нарықта сұраныс бар.

Венера Шавкилова, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:

– Мамандар керек, әсіресе жұмысшы мамандар. Біз нарыққа нақты қандай мамандық иесінің қажеттігін зерттеп, сараптама жасап отырамыз. Жалпы өңірде 47 колледж болса, оның 27-сі – тегін білім беретін мемлекеттік оқу орны. Олар 89 мамандық бойынша маман дайындайды. 21 мың студент арнайы кәсіптік-техникалық білім алып жүр.

Мемлекеттік колледждегі 1 студенттің білім алуына ай сайын бюджеттен 20 мың теңгеден астам ақша бөлінеді. Одан бөлек, сабағы жақсы студенттер шәкіртақы алады. Жалпы жыл сайын мемлекет қаржысына 5 мыңнан астам жас мамандық алып шығады. «Мектеп бітірген түлектердің 33 пайызы кәсіптік-техникалық саланы таңдайды», – дейді білім басқармасындағылар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы