352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда мола тонаушылар қолға түсті

  • 154

Атыраулық тәртіп сақшылары мола тонаған қарақшыларды құрықтауға кірісті.

Ұрылар тек соңғы аптаның өзінде оннан аса бейіттің темір, шойыннан жасалған шарбақтарын үптеп кеткен. Марқұмдардың туыстары ішкі істер органдарына арыз жазғаннан кейін ғана полиция іздеуге кіріскен болатын. Қазір ұрылардың алдыңғы легі ұсталып, айыптарын мойнына алды.

Жалпы полицияға шағым жазған он отбасы мүшелері ғана. Бейіт басына көптен бармаған қалған көпшілік бұл бейбастық жағдайдан хабарсыз болуы да мүмкін. Ұрылар әсіресе тамыз айында қылмыстарын үдете түскен. 

Александр Насенков, Атырау қаласының тұрғыны:

– Менің ағамның бейітінің қоршауын түгел сындырып алыпты. Бағаналары ғана қалған. Ал қасындағы бейіттің шарбақтарының тек жартысын ғана алып үлгеріпті. Мүмкін қалғанына келер деп аңдып та көрдім, бірақ қолға түсіре алмадым. Бұл енді барып тұрған азғындық. Әруақтардың алдында тірілер ұятқа қалдық.

Қазір 7 дерек бойынша кінәларын мойындаған алғашқы топтың мүшелері құрықталды. Заңсыз темір қабылдау орындарының бірінен 75 дана шойын шарбақ тәркіленді.  

Назымгүл Қайсағалиева, облыстық ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Бұл аудандағы учаскелік инспектор қырағылықты күшейтті. Бейіт әкімшілігімен бірігіп жұмыс істейтін болады. Ең алдымен бейіт ішінде бейсауат жүрген адамдар жауапқа алынады.

Бейіт әкімшілігі де бұдан былайғы кезде бақылауды күшейтетін болады.

Сырым Күлшиев, зират қызметкері:

– Кірер-шығар есіктердің барлығына бейнекамералар орнатамыз. Күзет қызметін де күшейтіп, түнгі мезгілде әр 2-3 сағат сайын бейіт ішін аралап шығатын болады.  

Атырауда тек бейіттегі темір қоршауларды ғана емес, кәріз желілеріндегі шойын қақпақтарды, қала берді көпқабатты үйлердегі лифтілердің темір арқанына дейін үптеп кетуді дағдыға айналдырған. Ал бейіт тонағыш ұрылар қазір сот шешімін күтіп жатыр. Егер ұрлаған мүлкін толық өтеп, айыппұл төлемесе, үш жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы