356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда жолаушылар тасымалы қашан ретке келтіріледі?

  • 113

Қоғамдық көлік. Тасымал. Жолаушы мен жүргіншінің жағдайы. Міне, бүгін осы мәселеге назар аударуды жөн көрдік.

Жуырда ғана облыс орталығы атанған Түркістанды алайық. Қаладағы халыққа қызмет көрсететін қоғамдық көліктердің көбінің тозығы жеткені анық. Дені шағын автобустар. Рухани шаҺардағы жолаушылар тасымалы қашан ретке келтіріледі? Немесе қызмет көрсету сапасы жақсара ма? Жаңа автобустар сатып алу жоспарда бар ма?

Расында, бұндағы халыққа қызмет көрсететін көліктердің дені шағын автобустар. Көбі тозған. Іші тар болғандықтан еңкейіп тұруға тура келетіндері де бар. Түркістан облыс орталығы болғандықтан, енді жаңа автобус сатып алынса, - дейді шағын көлікке әбден кептеліп, мезі болған қала тұрғындары.

Бекасыл Тәукебаев, қала тұрғыны:

- Кіші автобустарда аяғымызды таптап, қысылысамыз. Расында облысқа лайықты үлкен автобустар болса, жолымызды кеңейтіп, үлкен қоғамдық көліктер келсе дейміз. Мысалы таксимен күнде жүре бермейсің ғой. Кейде ұяласың, шынын айтқанда.

Айзада Нұрлы, студент:

-Қаламыздың көркейіп, үлкен маршруттардың жүргенін біз де қалаймыз, облыс орталығының жанданғанын біз де қалаймыз. Әрине, таза жүріп, ешкіммен қысылмай, еркін жүруді біз де қалаймыз. Сондықтан автобустар келсе екен дейміз.

Түркістан қаласында күнде 210 автобус 21 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Жолақысы 40-50 теңге. Үлкен автобустардың жүргенін жауапты сала мамандары да қалайды. Алайда қала шағын, көшелері тар болғандықтан оған үлкен автобустар сыймайды дейді. Екіншіден, олардың бағасы да қымбат. 250 мың ғана тұрғыны бар шағын қалада үлкен автобустар өзін өзі ақтамайтынын алға тартады. Десе де, қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ.

Мақсат Кулимов, қалалық жолаушы тасымалы ЖШС өкілі:

- Қазір енді жаңа болмаса да, бойың тимейтін автобустарды жан-жақтан алып жатырмыз. Біздің енді қаланы көріп отырсыздар, көшелеріміз тарлау, Есімхан алаңының алдына үлкен автобустар сыймайды. Келіп, оңға бұрылу керек, кептеліс болады. Сол себептен ақырындап істеп жатырмыз.

Байдулла Оразбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда бағыт бойынша өзекті мәселелер бар. Үлкен автобустарды алу бізге қиыншылық туғызды. Себебі олардың құны 30-40 млн-ға дейін барады. Біз қазір Ресейде өндірілетін автобустарды дұрыс көріп отырмыз. Олардың құны 10-11 млн-ға жуық. Осы жылдың аяғына дейін бірқатар автобус алу жоспарлануда.

Түркістан енді ғана облыс орталығы атанып, тарихи тұғырына қайта қонып жатыр. Алда атқарылар ауқымды шаруалар шаш етектен. Елбасымыздың өзі үлкен үміт артып, міндет жүктеп отырғандықтан, бүгінгі кішкентай кемшіліктер ертең-ақ жөнге келік, жүйеге түсетініне, түркістандықтар да сенеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы