352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2025 жылға дейін еліміздегі күре жолдардың 85 пайызы жаңартылады

  • 144

Доллардың қымбаттауы жол құрылысына әсер ете ме? Биыл қанша шақырым ақылы жол іске қосылады?

Және тапсыру мерзімі кешіккен құрылыс нысандары бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы мәселелер бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көтерілді. Депутаттардың сауалдарына Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жауап берді. Жиын 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасына арналды. 932 млрд теңгеден астам қаржы. Бұл – «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының алғашқы екі жылында бөлінген қаржы. Осы қаражат 6 мың шақырымға жуық жолдың құрылысын жүргізуге мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда 2 мың шақырымы пайдалануға берілді. Құрылысқа қолданылған материалдардың дені – отандық. Бұдан кейін де солай болып қала береді. Сондықтан доллардың шарықтауының бұған еш қатысы жоқ. Салаға жауапты Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Біз 95-96 пайыз өз елімізде шығарылған өнімді қолданамыз. Сондықтан доллар құнының көтерілуі құрылыс жүргізуге кері әсерін тигізбейді. Естеріңізде болса, осыдан 2-3 жыл бұрын дәл осындай өзгерістер болған кезде жұмысқа кедергісін келтірген жоқ. Осы жолы да доллар бағасы кедергі келтірмейді деген сенімдеміз.

Қазіргі жолдар 90 жылдармен салыстыруға келмейді. Арасы жер мек көктей. Десе де, сапа мен жол құрылысының уақытында тапсырылуы өзекті күйде қалып отыр. Оны депутаттар да растайды. Тендердің ашық өтпеуі, мердігерлердің өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарамауы, қосалқы мердігерлердің көптігі, сапасыз құрылыс материалдарын қолдану, осының барлығы автомобиль жолдарының сапасыз салынуына әкеліп соғады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мысалы, 2016 жылы «Боғас - Қарағанды» республикалық маңызы бар жолының «Тарбағатай - Аягөз» учаскесіне орташа жөндеу жүргізу кезінде бірнеше мердігер тартылған, олардың әрқайсысы асфальтты әртүрлі тәсілмен төсеген. Нәтижесінде, жол сапасыз салынған және қазірдің өзінде бұзылып жатыр.

Халықаралық автомобиль дәліздеріне орнатылған жүк көліктерінің салмағы мен габариттік параметрлерін өлшейтін құрылғылардың іске жарамсыз болып тұрғаны да депутаттардың наразылығын туғызды. 2013 жылы орнатылған 12 өлшеу құралының осы уақытқа дейін бірде-біреуі жұмыс істемеген болып шықты.

Сапар Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің дептутаты:

– Осы 12 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары қашаннан бастап жұмыс істейтін болады және тағы да келетін құрылғылар келе сала орнатылғаннан кейін жұмыс істейтін болады ма?

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Қазір осы жылдан бастап бұл системалар жұмыс істейтін болады. Жалпы мен айтып кеттім,келе жатқан екі-үш жылдың ішінде сол жолдардың бойында транспорт инспекциясының арнайы стационарлы және мобильді пунктері жұмыс істеді. Сондықтан бюджетке түсетін қаражатқа ешқандай зиян тиген жоқ. Қазір ол система бойынша жұмыстарды атқарып, осы жылдың соңына дейін жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз.

Жол құрылысының уақытылы аяқталмай, ұзаққа созылуы қалыпты үрдіске айналғандай. Бұл қатарда Алматы-Талдықорған, Астана-Павлодар жолдары бар. Ал Атырау-Астрахань және Атыраудан Ақтөбеге баратын жолдарды жасауда жобаны іске асыру кестесінде кешеуілдеу бар. Балқаш-Бурылбайтал және Күрті-Бурылбайтал учаскелерін қалпына келтіру де ұзаққа созылды. Ал республикалық маңызы бар Таскескен мен Бақты жолының салынып жатқанына 10 жыл болды. Десе де, ведомство басшысының жоспары ауқымды. Бірінші кезекте, туристік бағыттағы жолдарға баса назар аударылады. Әсіресе, Алакөлге баратын жол құрылысына басымдық берілмек. Осы жылдың 1 қарашасынан бастап бірнеше бағыт бойынша жолдар ақылы болады. Одан түскен қаржы жол күтіміне жұмсалмақ. Алдағы 3-4 жылдың ішінде 11 мың шақырым жол ақылы жүйеге көшеді.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Осы жылы 3 аумақта ақылы жолдар пайда болады. Біріншісі – Астана мен Теміртаудың екі ортасы. Екіншісі – Қапшағай мен Алматы. Үшінші участок – Қорғас пен Алматының екі ортасы. Бағасы, Көкшетауға барғанда қалай төлейміз, солай болады. Болашақта 3-4 жылдың ішінде 11 мың шақырым ақылы жол болады. Ол – республикалық маңызы бар жолдар.

2025 жылға дейін еліміздегі күре жолдардың 85 пайызы жаңартылады. Оған жыл сайын 150 млрд теңге қаражат бөлініп, 4 мың шақырым жол жасалатын болады. Қаржының жартысы республикалық қазынадан, қалған бөлігін жергілікті бюджеттен қарастыру көзделіп отыр.

Осы жиында депутат Нұртай Сабильянов еліміздегі әбден тозығы жеткен жолдардың атын атап, түсін түстеді. Тізімді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ, Нұра ауданының Тікенекті ауылдары бастап тұр. Кейін Шығыстың Үржар ауданындағы Келдімұрат, Көктерек, Қарабұта, Солтүстіктегі Тимириязев ауданының Сулы және Тимирязев ауылдары аталды. Батыс Қазақстан облысының жергілікті жолдары да ескірген. Алакөл, Кендерлі, Тамғалы-тас, Шарын шатқалы секілді туристік орындарға апаратын жолдардың да сапасы сын көтермейді.

Хабар 24 телеарнасы