359.76 423.70 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда балалардың биіктен құлау оқиғалары жиілеп кеткен

  • 141

Елімізде балалардың жоғары қабаттан құлап, көз жұму жағдайы жиілеп кетті.

Бұған көбіне ата-аналардың немқұрайлығы себеп. Ал ақ халаттылар қолдан келген көмегін көрсеткенімен, бүлдіршіндерді ажалдан арашалап қалу мүмкін болмай жатады. Бірақ таяуда елордалық дәрігерлер 13-қабаттан құлаған баланың өмірін сақтап қал алды.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– Бұл тұрғын үй кешені – елордадағы ең биік үйлердің бірі. Оқыс жағдай осыдан бірнеше күн бұрын осы үйдің ауласын болды. 6 жастағы бала терезе алдында ойнап отырып, 13-қабаттан төмен құлап кетеді. Абырой болғанда, оның көрер жарығы әлі бар екен. Ойын баласы ауладағы мынадай талдардың үстіне түсіп, ажалдан аман қалған.

7 жастағы бүлдіршіннің 13 қабаттан құлап, ес-түзсіз жатқанын ең алдымен көршілер көрген. Дереу жедел-жәрдемді шақырған да солар. Ал ата-анасы болса, мән-жайды кейін біледі. Яғни бүлдіршін ауруханаға аты-жөні белгісіз күйде түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылады. Ал қазір оның жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылып, ата-анасының бақылауына берілді.

Азамат Жайылғанов, балалар ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

– Нейрохирургтер дереу көмек көрсетті. Бала жабық бас ми жарақаты диагнозымен түсті. Еш жері сынбаған.

Таяуда павлодарлық бүлдіршін де осындай жағдайға душар болды. Бейнематериалдан оның төртінші қабаттағы терезе жақтауын ұстап тұрғанын көруге болады. Абырой болғанда, бала құтқарушылардың көмегімен 10 метр биіктіктен дін аман түсірілген. Бұл аз десеңіз, Қарағандыда да бүтіндей бір отбасы қайғыдан қан жұта жаздады. Егер дүкен шатыры болмағанда, 4-қабаттан құлаған баланың көз жұмуы мүмкін еді.

Руслан Иманқұлов, ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

– Балаларға ата-аналар тарапынан тиісті бақылаудың болмауы осындай төтенше жағдайларға алып келеді. Оларға белгілі мөлшерде уақыт бөлініп, әрбір қимылын қарап отыру шарт. Сондықтан балаларға да, ата-аналарға да түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет деп ойлаймын. 

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметтеріне сай, биыл елімізде көпқабатты үй балкондарынан 30-ға тарта бала құлап, басым бөлігі көз жұмды. Бұл ресми тіркелген дерек қана. Яғни қайғылы жағдайлардың саны бұдан да көп болуы ықтимал. Сондықтан ата-аналар балалар қауіпсіздігіне қатысты қосымша шараларды қолға алуы керек. Осы ретте мамандар терезелерді 10 сантиметрден артық ашылмайтындай етуге және арнайы темір торларды орнатуға шақырады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы