352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аягөз-Қарауыл-Қайнар жолының күрделі жөндеу көрмегеніне ширек ғасырдан асты

  • 90

Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз-Қарауыл-Қайнар бағытындағы жолдың күрделі жөндеу көрмегеніне ширек ғасырдан асқан.

Жауапты мекеме қаржы тапшылығына байланысты тек ағымдағы жөндеумен шектеліп келеді. Соңғы кездері Қаражыра кенішінен көмір тасушы жүк көліктері көбейе түскен. Бұл онсыз да сапасы сын көтермейтін жолдың одан сайын тоз-тозын шығарып жатыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Асфальтынан дым қалмаған бұл жолдардың қыр-сырын жетік білетін жергілікті жүргізушілер мен таксишілер мына жанында жатқан екіаяқты қара жолға түсіп алуға мәжбүр. Өйткені көлігіңді соқпай, аман-есен діттеген жеріңе жетудің ең тиімді жолы осы болып тұр. Алайда бұл амалыңыз да қыс және күз айларында тығырыққа тіреледі.

Облыстық маңызы бар Аягөз-Қарауыл-Қайнар күре жолының жалпы ұзындығы 218 шақырым. Оның 150 шақырымдай болатын Аягөз-Қарауыл бөлігі асфальтталған болып есептеледі. Көбінесе бұл жермен Абай ауданының тұрғындары қатынайды.

Орман Сейітқазыұлы, Құндызды ауылының тұрғыны:

- Жол деп айтуға да келмейді, даланың қара жолынан да жаман. Машиналарға қаншама сайман кетеді оған. Қаншама халық салық төлеп жатыр машинаға, енді соны көтеру керек қой дұрыстап. Елдің машинасы сынып, көтермейді, «ходовкасы» шыдамайды. Қанша машина сынып, ренжіп қайтып жатады. Қонақтардың өзі «жолдарыңыз жаман» деп айтып жатады.

Осыдан 7 жыл бұрын жолдың ең сапасыз 25 шақырымдық бөлігін қайта жаңғырту үшін құны бір миллиардтан асатын жобалық сметалық құжат жасалыпты. Алайда қаражат бөлінбей сол күйі құжат та құрдымға кеткен. Мына бір шақырымнан астам жерді жауапты мекеме биыл арнайы қаражат бөлінбесе де жөндеуден өткізуге мәжбүр болыпты.

Тасболат Битенов, ПДУ-3 мекемесінің жетекшісі:

- Ағымдағы жөндеудің есебінен жөндедік, бұл ақша кетті. Ол қысқы күтіп баптау деген болады бізде қар көп түседі. Енді сол қарды тазалағанға кейде ақша жетпей жатады. Бірақ мәжбүр болдық, мына жерден халық жүре алмай, реніш болып. Бірақ енді қысқа қарсы мүмкін жаңағы 154 миллион ақша қар көп болатын болса қар күреуге жетпей қалуы мүмкін. Неге десеңіздер біз оны асфальтқа салып жібердік.

Бұл жол облыстың Аягөз, Үржар аудандарына төтелей болғандықтан Қаражыра кенішінен көмір тасушы жүк көліктері Семеймен айналмай осы жақпен қатынайды. Олардың артық салмағын тексеріп жатқан көлік инспекциясы да көрінбейді. Ендеше абайлықтардың жақын арада сапалы жолмен жүруі екіталай сияқты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы