352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда мектеп оқушысынан менингит анықталды

  • 133

Қарағандыдағы орта мектептің бірінде 6-сынып оқушысы сероздық менингит ауруымен ауруханаға түсті.

«Баланың қазіргі жағдайы жақсы», – дейді дәрігерлер. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілген оқушының қасында жүрген балалардан бұл инфекция түрі анықталмады. Қазір мектеп дәрігері барлық оқушыға медициналық тексеріс жүргізіп жатыр. Ақ халаттылардың мәліметіне сүйенсек, сероздық менингит менингококты инфекцияға қарағанда, адамның өміріне қауіп төндірмейді. «Дегенмен науқастың мазасы қашып, дене қызуы көтеріліп, лоқсыған жағдайда бірден жедел жәрдем шақырған жөн», – дейді мамандар.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қоғам денсаулығын қорғау қызметі жетекшісі:

– Оқушының қызуы көтеріліп, лоқсыған. Егер мектептегі басқа оқушыларға жұққан болса, олар осы күнге дейін ауруханаға түсетін еді. Сондықтан мектепте ешқандай карантин жарияланбайды. Уақытылы дәрігердің көмегіне жүгінсе, сероздық менингит еш қауіп әкелмейді.

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың алғашқы жартысында елімізде менингококк инфекциясының 63 жағдайы тіркелді. Дертке шалдыққандардың 13-іне ем қонбай, көз жұмды. Бір өкініштісі, індетті жұқтырғандардың 21-і – 14 жасқа толмаған жеткіншек. Олардың бесеуі жұқпаны жеңе алмады. Жалпы соңғы бес жылдағы дереккке көз жүгіртсек, кеселдің 2015 жылы кеңінен таралғанын байқауға болады. Сол жылы елімізде 424 адамның ағзасынан аталған инфекция табылған. Аурудың халық арасында жайылуын болдырмау үшін жұртқа індеттің алдын алу туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Хабар 24 телеарнасы