352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе тұрғындары құрылысы біткен үйлеріне кіре алмай отыр

  • 148

Ақтөбедегі «Жаңа қоныс-2» елді мекенінің тұрғындары өздері салып алған үйлеріне кіре алмай отыр.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– «Жаңа қоныс-2» тұрғын үй алабында 100-ден астам үй салынған. Бұдан бөлек, тағы 100 адам үйінің іргетасын қалап қойған. Алайда баспанасының құрылысы біткендер өз үйлеріне кіре алмай отыр. Себебі бұл ауданда газ да, су да, жарық та, жол да жоқ.

12 жыл кезекте тұрып, әрең қол жеткізген жеріне бірден үй салғандардың бірі – Айгүл Жұмабекова. Әкімдік жерді берген кезде 2 жыл ішінде баспана салып алуды міндеттеген. Арнайы келісімшарт жасағаннан кейін, құрылысты бастап кеткен. Қаладағы пәтері мен көлікті сатып, бар ақшаны осы үйдің құрылысына салыпты. Енді жеделдетіп тұрғызған үйлеріне кіре алмай отыр. Ең сорақысы, иесіз үйлердің жанындағы құрылыс материалдары ұрланып жатыр.

Айгүл Жұмабекова, қала тұрғыны:

– Ештеңесі жоқтар несие алады. 10 млн-нан астам қаражат кетті. Бірақ қандай нәтиже? Оны ұрлап кетпесіне кім кепіл. Ешкім қарап жатқан жоқ.

Бұл ауданда үй салғандардың көбі – жылдап жер кезегінде тұрғандар. Өткен жылы әкімдік 10 сотық учаске бергенде, бәрі қуаныпты. Алайда қала іргесіндегі аумақ өркениеттен жұрдай. Жиған-тергенін құрылысқа жібергендердің көбі уақытша пәтер жалдап жүр.

Жаңабай Өтебалиев, қала тұрғыны:

– Өзім қалап, өзім салдым. Қазір ақшам жоқ. Салынып тұр, тек кіре алмай отырмыз. Кірейік десек, газ бен свет жоқ.

Тұрғындар қала әкімдігіне барып, мұң-мұқтаждарын бірнеше рет айтқан. Соңғы барғанда қыркүйек айында газ құбыры мен электр желісі тартылады деген уәде алып қайтқан. Алайда қалалық құрылыс бөліміндегілер биыл бұл мақсатқа қаржы бөлінбеген деп отыр. Былайша айтқанда, жер телімін берген кезде инженерлік желілердің қажеттігі ескерілмепті.

Нұрлан Тұрымов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

– Инженерлік коммуникацияға құжат жасап қойдық. Электрожабдықтау сомасы – 610 млн, газ жабдықтау – 395 млн. су – 475 млн. Соған жоспар жасап, сараптама өткізіп, бюджет комиссиясына тапсырып қойдық. 2019 жылы қаражат бөлінсе, жұмыс жасаймыз.

Белгілісі, әзірге қала іргесіндегі жаңадан бой көтерген тұрғын үй алабының халқы қоныс тойын тойламайтын болды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы