352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда дәстүрлі оркестрлер фестивалі басталды

  • 56
Алматыда дәстүрлі оркестрлер фестивалі басталды

Алматыда қала күнін мерекелеу аясында дәстүрлі Оркестрлер фестивалі басталды. Мәдени іс-шара биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.

Көрермен назарына «күйден классикаға дейінгі» тамаша музыкалық шығармалар ұсынылды.

Биылғы фестиваль дәулескер күйші Түркештің Көңілашарымен басталды. Кеште қайрат пен өмірге құштарлықты насихаттайтын төкпе күйлер және сабырлығымен ерекшеленетін шертпе күйлер де орындалды.

Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:

- Әрине бұл жерде үлкен тәрбиелік мәні бар. Қазіргі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, өзіміздің ұлттық өнерімізге және де қазіргі таңда көрермендер де тыңдармандарға да жаңа бағыттағы біздің шығармаларымызды, жаңа үрдісте көрсетіп жатыр жыл сайын. Біз әрине осыған қуанамыз.

Шығармашылық ұжымдар ұлттық музыка жауһарларынан бастап, еуропалық авторлардың классикалық әуендерін, қазіргі заман сазгерлерінің шығармаларын орындады. Бағдарламаға кинофильмдердің саундтректері де енген.  

Данияр Әлиев, қалалық мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл фестивальда Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі. Тілендиев атындағы және де Алматы қаласы әкімдігінің симфониялық оркестрі, ҚР Мемлекеттік үрмелі оркестрі осы жерде барлығы қатысып жатыр. 

Фестивальге келушілердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Ашық аспан астында өтетін мәдени іс-шарадан туристерді де жиі кездестіруге болады. 

Рамиль Саитов, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны: 

- Алматыдан осыдан 30 жыл бұрын көшіп кетіп едік. Енді міне туған жерге қыдырып келіп отырмыз. Тамаша фестивальдің үстінен түстік. 80-жылдармен салыстырғанда Алматы қатты өзгеріп кетіпті.

Фестивальдің екінші күні алматылықтардың назарына «Менің қалам» бағдарламасы ұсынылады. Мерекелік кеште эстрада және классикалық әндерді орындаушылар өнер көрсетеді.  

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы