356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда «Нұрлы жер» бойынша тұрғызылған үйдің тұрғындары газсыз отыр

  • 47

Петропавлдағы «Береке» ықшам ауданындағы бес қабатты жаңа үйде газ жоқ. Тұрғындардың 80 пайызы қоныстанып үлгерсе де мұнда көгілдір отын әлі жетпеген.

Баспана мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылды. Амалы таусылған халық электр плиталарын пайдаланып отыр. Мәселе қашан шешіледі?

Самат Қайырденұлы, тілші:

- 116 пәтерлі 5 қабаттан тұратын мына тұрғын үй осыдан бір ай бұрын ғана пайдалануға берілген болатын. Бұл жерден көпбалалы отбасылар, жетім-жесірлер және пәтер кезегінде тұрған азаматтар баспаналы болған. Алайда бұл қуаныш көпке созылмады.

Көп жылғы арманына қол жеткізген Досжан Әбекенов әлі күнге дейін пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Себебі жаңа баспанасына көгілдір отын келмеген. Оның үстіне үйдің жарылған терезелерін қайтадан жаңасына ауыстырып жатыр.

Досжан Әбекенов, қала тұрғыны:

- Домға дейін келеді. Газ келеді, бірақ қысым жоқ. Сондықтан тағы да бір жерде утечка деп қайтатдан кетіп қалды. Содан кейін қазып кеткендері, мінеки 6, 5, 4-подъездің бәрін қазып кеткен. Қазіргі уақытқа дейін ешқандай нәтиже жоқ.

Жаңа үйге қоныстанған тұрғындар үшін көгілдір отын мәселесі бас қайғыға айналды. Өйткені мұндағылардың көбі қауіпті болса да электр плитасын пайдалана бастаған. Осыған алаңдаған тұрғындардан маза қашты.

Екатерина Омарова, қала тұрғыны:

- Мына плитаны электр қуатына қосқан кезде үйде жарық өшіп қала береді. Әрине қорқынышты. Оның үстіне ас дайындау үшін көп уақыт жұмсаймын. Ертең оның төлемі келеді. Енді басқа амалымыз жоқ. Газды үш мәрте қосып көрмекші болды. Бірақ өзгеріс болмады.

Алдын ала болжам бойынша газ құбырынан ақау табылған. Қазір коммуналдық мекеме құбырды сараптамаға жіберді. Бірақ нәтижесі қашан белгілі болатыны әзірге белгісіз.

Нұрболат Мүжікенов, қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Негізінен газды қосу жұмыстары үш кезеңмен жүргізіледі. Яғни алғашында қысым болмады. Кейін екіншісінде құбыр қысымға шыдас бермей тесіліп қалды. Енді мәселенің анық-қанығы анықтамай ешқандай жұмыстар жүргізілмейді.

Газ тарту мекемесі келісімшарт бойынша қыркүйек айының соңына дейін жұмыстарды толығымен аяқтауы қажет. Өйтпеген жағдайда қалалық әкімдік аталған кәсіпорынды сотқа бермек.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы