352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да жыл басынан 16 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған

  • 81

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан қабылданған кешенді жоспар шеңберінде 16 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар қысқа мерзімді оқу курсын тәмамдап, өз кәсібін ашқандары да аз емес. Мәселен, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Жәнібек ауданында жастар тәжірибесі арқылы 51 жас маман жұмыспен қамтылған. Аталған бағдарламаның көмегімен өңірде 1300-дей талаптыны іске тарту жоспарланған.

Алмат Болатов – еңбек жолын енді ғана бастаған жоғары білімді жас мамандардың бірі. Мал дәрігері мамандығын меңгерген жас оқу бітірген бойда ат басын туған ауылына бұрды. Аудан бойынша күні бүгін жастар тәжірибесі арқылы тартылған 51 маманның 17- сі екі қолға бір күрек тапқан.  

Алмат Болатов, Жәнібек аудандық ветеринарлық стансциясының қызметкері:

– Жастар тәжірибесі бағдарламасымен осы жұмысқа кірдім. Өзіме тұрақты түрде жұмыс тауып, қазір таңдаған саламда қызмет атқарып жатырмын.

Бекболат Сыдиқов, Жәнібек ауылының тұрғыны:

– 6 ай сайын егіп тұрады, малымыздың қанын алады. Малмен күнелтіп отырмыз. Алмат жас маман болса да өз қызметін жақсы атқарады.

Ал Марина Жанапанова – қысқа мерзімді оқу курсын тәмамдап, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған жастардың бірі. Аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен шаштараздар дайындайтын 3 айлық курсты тәмамдады. Қазір Жәнібек ауылында шағын бөлмені жалға алып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп жүр.

Марина Жанапанова, шаштараз:

– Жұмысым өзіме ұнайды. Болашақта осы мамандығымды әрі қарай дамытамын.

Нұрлыбек Төрешев, Жәнібек аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Білім ордаларынан, жоғарғы оқу орнынан шыққан немесе колледж бітірген мамандардың тәжірибесінің болмауына орай жұмысқа орналаса алмайды. Осы ьағдарлама тәжірибе жинақтап, содан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына септігін тигізуде. Бұл бағдарлама 29 жасқа дейінгі мамандарды қамтиды. Бізде 29 жасқа дейінгі күні бүгінге 222 маман тұрақты жұмыспен, уақытша жұмыстармен қамтылып отыр.

Жалпы өңірде аймақтарды дамыту бағдарламасы аясындағы жобаларға 600-ге тарта өңір тұрғыны тартылды. Техникалық мамандықтарды меңгеру мақсатында 800 адам түрлі оқу орындарына жолданған. Олар еңбек нарығында ең сұранысқа ие 36 мамандық бойынша білімдерін жетілдірмек.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы