352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түлкібас ауданының бағбандары биыл 30 мың тонна өнім жинамақ

  • 174

Түркістан облысының Түлкібас ауданы алманың отаны іспетті.

Онда үш мың гектардан аса алма бау алқабы бар. Оның 2200-ден астамы соңғы жылдары егілген жаңа бау. Алма көшеттері Италия мен Түркиядан және Польшадан әкелінген. Қазір гала, голден, пиромин және камспор деген жаңа сорттар Түлкібас даласын түрлендіріп тұр. Биыл бағбандар алманың гала тұқымынан алғашқы өнімін жинап жатыр.

Түлкібастың ауасынан аламаның исі аңқиды. Айнала түгел алма бақтары. Бір ғана мына шаруашылықтың өзі 150 гектар алқапқа көшет отырғызған. Оның 80%-ы өнім беріп отыр. Қалғаны жас көшеттер. Бұнда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Ол біріншіден, суды үнемдесе, екіншіден, әр түптің суды қанып ішуіне жол ашады. Қазір бұнда көздің жауын алатын алманың гала деген түрі пісіп жатыр. 3-4 жылдық әр түптен 5-10 келі аралығында өнім жиналуда.

Бақыт Құрманбек, серіктестіктің атқарушы директоры

-Гала бұл негізі қызыл реңді, дәмі өте тәтті алма. Халықтың сұранысы өте жақсы. Жазғы алма болып есептелінеді, бұны ішкі нарыққа өткіземіз. Ал қалған күздік алмаларды ол арнайы өзіміз қойма салып жатырмыз, сол қоймаға сақтаймыз. Оның сыйымдылығы екі мың тонна.

Серіктестікке тиесілі жаңа қойма голландиялық әдіспен салынған. Оның бір ерекшелігі – қойма ішінде ауа болмайды. Азоттың барлығын сыртқа шығарып тастайды. «Бұл алманың бұзылмай, жақсы сақталуына сеп болады», - дейді мамандар. Әрі қойма алма сорттайтын Франциядан әкелінген жаңа технологиямен жабдықталған. Ол өнімнің көлемі мен түсіне қарай бөліп, реттеп отырады. Сондай-ақ ауданда піскен жемістен шырын шығаратын шаруашылықтар бар.

Нұрбол Тұрашбеков, Түлкібас ауданының әкімі:

-Сонымен бірге бізде екі жауапкершілік серіктестіктеріміз бар. Сонда көкөністен жемісті шырын шығарады. Қайта өңдеп халыққа өткізетін болады. Жалпы өндірілген өнімді сақтауда ауданымызда 3,5 мың тонналық қоймамыз бар. Бүгінгі таңда осы 9 айдың қорытындысымен қыркүйек айының соңында 2 мың тонналық қойманы іске қосатын боламыз. Сонда аудан көлемінде 5,5 мың тонналық алма сақтайын қоймамыз болады.

Өткен жылы Түлкібас ауданының бағбандары 25 мың тонна өнім жинаған. Биыл бұл көрсеткіш 30 мыңға жетеді деп күтілуде. Жалпы аудандағы алма бау көлемі үш мың гектардан асады. Оның 2200 гектары соңғы жылдары егілген жаңа бау. Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін үш мың гектарға жаңа бау егіп, өнім көлемін 45-50 мың тоннаға дейін жеткізу.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы