356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бірлігі жарасқан БҚО тұрғындары Шабдаржап ауылының әлеуетін көтеруде

  • 144

Батыс Қазақстан облысында Шабдаржап дейтін ауыл бар.

Ақжайық ауданына қарайтын елді мекен аймақтың ең шалғайында жатыр. Осы аядай ауылдың тұрғындары іргеден ағып жатқан Жайықтың суын өз күштерімен тартып, бау-бақшасын жайқалтып отыр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Облыс орталығы Орал мен Шабдаржаптың арасы – 312 шақырым. Шалғай ауылдың шетінен әрі қарай Атырау облысының шекарасы басталады. Мақсатымыз Жайықтың іргесіндегі ауылдың тыныс тіршілігімен жақынырақ танысу ғана еді. Жері құмайт ауылға кірген бетте бақша суарып жүрген ауыл тұрғындарын көріп таңғалғанымыз рас.

Дариға Нашанова, Шабдаржап ауылының тұрғыны:

– Жайық өзенінен келіп жатқан техникалық суды бақшамызға да құямыз. Арасында ішуге де болады. Ақбұлақ та келіп жатыр, енді таза су ішетін боламыз. Ауылдағы азаматтар бірігіп, ақша жинап, өз күшімен су тартып алды. 

Қарт жайықтың іргеден ағып жатқаны рас. Дегенмен өзеннен өз күштерімен су тартып алу айтуға ғана оңай. Бірақ «төртеу түгел болса, төбедегі келедіні» дәлелдеген ауыл тұрғындары бекем бірліктің үлгісін көрсетті. Өзара күш біріктіріп қаржы жинады. Бірнеше шақырымға созылатын құбыр тартты.

Талғат Мұхамедияров, Шабдаржап ауылының тұрғыны:

– Қазір суды елу шақты үй пайдаланып отыр. Болашақта ағаш егіп, бау-бақшалар көркейеді деп ойлаймыз.

Марат Есниязов, Тайпақ ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Жалпы Шабдаржап ауылының халқы өте ұйымшыл. Бір-бірін қолдап тұрады. Округіміздегі ерекше ауыл десе болады. Бұрын да өздерінің ұйымдастырушылық қасиеттерімен облысымызға, қала берді Қазақстанға танымал халқы асарлатып спорт сарайын салдырған болатын. Қазір істеп тұр. Ауылдан спортшылар шығып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша әлде де жұмыстар жүргізілгелі отыр, жоспарға енгізіп жатыр.  

Небәрі 150-дей түтіні бар ауылда биыл 198 орындық су жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Бұл да бірлігі жарасқан ауыл әлеуетін арттырудағы зор көрсеткіш. Шалғай елді мекен тұрғындарының таза ауызсумен шөл қандыратын күні алыс емес. Ауылда «Ақбұлақ» бағдарламасы да жүзеге асып жатыр. Мердігер мекеме техникаларының күшімен ауыл ішіне 2 шақырымдай құбыр тартылған. Құны 500 миллион теңге болатын нысан құрылысын жыл соңына қарай аяқтау жоспарда.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы