Басшылық қызметіндегі мамандар ашық кабинеттерге көшіп жатыр

Мемлекеттік қызмет пен денсаулық сақтау мекемелерінің басшылық қызметіндегі мамандар ашық кеңселер мен кабинеттерге көшуін жалғастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызметшінің күнделікті жұмысын келуші азаматтар әйнек бөлменің сыртынан көре алады. «Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, ашықтыққа бастар жол дейді», - әкімдік өкілдері.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Мемлекеттік денсаулық сақтау, білім беру мекемелері мен әкімдіктерде 5 мыңнан астам бірінші басшылар жабық кабинеттерінен шығып, әйнектен жасалған ашық кеңселерге көшті. Бірінші қабаттағы кабинеттер мен ондағы жұмысты мұнда келген әр азамат өз көзімен көріп, сырттай бақылай алады. Мәселен, бұл кабинетте Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары отыр.

Аудан әкімінің орынбасары Әбдірахман Дәуленбаевтың айтуынша, ашық кабинеттер мен кеңселер мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына еш кедергі келтірмейді. Осылайша, 2 жыл бұрын басталған бұл науқан өзінің сәттілігін көрсетті. Қазір жобаға қатысушы мекемелер мен қызметкерлер саны тек артып жатыр.

Әбдірахман Дәуленбаев, Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:

- Айта кету керек, біздің барлық қызметкер үшінші қабаттан екінші қабатқа көшті. Және осымен бірге ауданымыздың әкімі және оның орынбасарлары барлығы бірінші қабатқа түсті. Барлық кабинет тереземен бекітілген. Барлығы көрініп тұрады. Жасыратын ешнәрсе жоқ. Мемлекеттік қызметті осылай жоғары дәрежеде халыққа қызмет көрсетеміз деп сенеміз.

«Астана – адалдық алаңы» жобасының тиімділігі туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев та айтты. Естеріңізде болса, бүгін ол елорда әкімі Алтай Көлгіновпен бірге жоба шеңберінде ашылған орталықтар мен фронт-кеңселерді аралаған болатын.

Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Егер ашықтық болса, менің ойымша, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де төмендейді. Сервистік ашықтық әкімдіктер ашылып жатыр және Open Space. Мына фронт-офистар ашылып жатыр.

Үйлесімді жұмыстың арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті. Яғни облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар 100% қамтылды.

Еске сала кеткен жөн, бұл жоба Елбасының бастамасымен қолға алынған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Президенттің қолдауына ие болды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев