Елордада қонақ болып келген адам телефон ұрлап кеткен

Елордада қонақ болып келген адам телефон ұрлап кеткен. Дәл осындай екі жағдай тіркелді.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында бұрын сотты болған 35 жастағы елорда тұрғынын ұстады.

Ол танысының үйінде қонақта болып, спирттік ішімдік ішіп, ер адамның курткасының қалтасынан құны 65 мың теңге тұратын «Редми А8» маркалы ұялы телефонын ұрлап алған. Күдікті ұрлық жасағаннан кейін пәтерден кетіп қалған.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осы факті бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.   

Күдікті кінәсін мойындады, заттай дәлелдеме алынды және иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта оның бұрын елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.  

Тағы біреуінде полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құны 375 мың теңге тұратын «Samsung» маркалы телефонды ұрлауда күдік тудырған Ақмола облысының 48 жастағы тумасын  ұстады.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған азаматшаның елордадағы қонақ үйлердің бірінде уақытша тұрып, сол жерде ұрлық жасағанын анықтаған.

Әйел адам ресепшндегі әкімшінің уақытша болмауын пайдаланып, оның үстелдің үстінде қараусыз қалған ұялы телефонын жасырын ұрлап алып, кейіннен оны ломбардқа тапсырған.

Қонақ үйдің қызметкері телефонының ұрланғанын анықтап, полицияға жүгінген.

Полиция қызметкерлерімен ұсталған күдікті адам кінәсін мойындады. Анықталғандай, күдікті осыған дейін де құқық қорғау органдарының назарына ілікті және оның есебінде бірнеше соттылығы бар.

Аталған факті бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.