Павлодар облысында «Қазақ тілі QR-код» жобасы іске қосылды

Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Ана тіл» орталығы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазақ тілін үйретудің жаңа форматын бастады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодарда қала тұрғындарына қызмет көрсететін мекемелерде арнайы кодтары бар плакаттар орналастырылды, сол арқылы оқу материалдары бар сайтқа кіруге болады. «Ана тілі» орталығында павлодарлықтар өздерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін жақсарта алатын әдістеме әзірлеген. Орталық директоры және оқулық авторы Шолпан Кинжикованың айтуынша, жобаны құрастыруға бір жарым ай кеткен.

«Менің ойымша, енді қазақ тілін үйрену оңай әрі қолжетімді болады: адам ақпаратты кез келген жерден жүктей алады, қазақ тілінің қарқынды курсына арналған оқулықтар, оған қоса интерактивті тапсырмалар беріледі. Тапсырмаларды орындау кезінде қателер болса, ұпайлар мен нақтылауды көреді. Сонымен қатар әртүрлі салаларда – медицинада, саудада қолданылатын сөйлеу модельдерін меңгере алады», - деді Шолпан Кинжикова.

Мемлекеттік тілді үйренуді бастау үшін павлодарлықтарға ұялы телефон камерасымен плакаттағы QR-кодты сканерлеу қажет, гаджет оқу материалдары орналастырылған «Ана тілі» орталығының сайтына өту ұсынылады. Пайдаланушыларға тіркелудің қажеті жоқ. Сондай-ақ павлодарлықтар мобильді қосымшаны да жүктей алады.

Шолпан Кинжикованың айтуынша, материал жаңадан бастаушылар мен қазақ тілін үйреніп жүргендерге бейімделген.

«Павлодарда QR-коды бар плакаттар сауда үйлерінде, қонақ үйлерде, вокзалдарда, ірі мекемелерде орналастырылды. Мобильді қосымшада және кодты қайта бағыттайтын сайтта бірнеше бағыт бар: аударма, оқыту курстары, тренингтер және семинарлар. Адамдар кабинеттерде отырмай-ақ жаңа форматта тілді үйрену үшін осындай жоба іске қосылды», - деді мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османова. Алғашқы плакаттар павлодарлық «Жаңа МБО» сауда үйіне орналастырылды.

«Қазір барлығы гаджеттерді пайдаланады, бұл жоба адамға қандай да бір курстарға жазылмай-ақ QR-кодты сканерлеуге, қосымшаны жүктеуге және бос уақытында тіл үйренуге мүмкіндік береді. Сатушылар да сатып алушыларға осы қосымшаны пайдалана отырып, қазақ тілінде қызмет көрсетеді», - деп есептейді ТД директоры Светлана Карпова. -

Облыс орталығында QR-коды бар плакаттар 30 мекемеге орналастырылады. Сондай-ақ мұндай тақтайшалар Ақсу мен аудандарда да пайда болады.