Ойын бизнесі туралы заң нарыққа қалай әсер етеді?

Биылдан бастап бәс тігуші мен букмекерлік кеңсенің арасындағы барлық операция мемлекеттің бақылауында болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті заң жобасы күшіне енді. Қазір бақылау жүргізетін орталықты анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Бурабай мен Қапшағайдан басқа қалалардағы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың кассалары жабылды.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Елімізде букмекерлік кеңселердің жұмысы ойын бизнесі туралы заңмен реттеледі. 2021 жылы күшіне енген өзгерістерге сай енді бәс тігуші мен бәсті қабылдаушының арасындағы барлық онлайн операцияны қадағалайтын есепке алу орталығы пайда болады. Осылайша, мемлекет ел аумағындағы букмекерлік кеңселердің ақша айналымын бақылауда ұстамақ. Заңға енгізілген бұл өзгеріс бәс қабылдаушылардың шынайы кірісін анықтап, оларға салықтан жалтаруға мүмкіндік бермейтін көрінеді.

Айдос Сәкенов, ҚР МСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:

- Мысалы, 2019 жылғы 18 желтоқсанда Алматы қаласының прокуратурасы салықтық тексеру нәтижелері бойынша бір брендпен жұмыс істейтін екі букмекерлік кеңсеге жалпы сомасы 145 миллиард теңгеге қосымша салық есептелгенін хабарлады. ҰҚК тексеру барысында Қазақстаннан тыс жерлерге ақша қаражатын заңсыз әкету арналары анықталып, бұғатталды.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сай орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейді. Оның бірнеше қызметі бар. Біріншіден, барлық ойыншы міндетті түрде жеке басын растап, тіркелуі тиіс. 21 жасқа толмағандар мен бәс тігуге тыйым салынғандардың тізіміне енгізілгендерді ұтысқа қатыстырмайды. Бұдан бөлек, ойыншының құқығын қорғайтын көрінеді. Дегенмен, ойын бизнесінің өкілдері бірқатар мәселеге қатысты алаңдап отырғанын жасырмайды.

Бадри Шаинидзе, Ойын бизнесі саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғау қауымдастығының жетекшісі:

- Қолымызда бар ақпаратқа қарап бірнеше мәселеге алаңдап отырмыз. Біріншісі қаржыға, екіншісі қауіпсіздікке қатысты. Бәсті есепке алу орталығының қызметін атқаратын компания «ойыншылар 4% мөлшерінде комиссия төлуі тиіс» деп мәлімдеді. Елімізде ойыншыларға ұтыстан 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлеуді міндеттейтін заң бар. Біз оған 4% комиссия қоса аламыз. Егер ойыншыларға Қазақстанда бәс тігу тиімді болмаса, олар шетелдік заңсыз сайттарды қолдануы мүмкін.

Заңға енгізілген өзгерістердің тағы бір мақсаты – құмар ойындардың насихатын шектеп, оларға тәуелді азаматтардың санын азайту. Яғни, елімізде лудоманияның өршуіне жол бермеу. Ал бұған қатысты депутаттар былай дейді.

Берік Дүйсембинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Практиканың нәтижесінде жасырын қаржы оған шек қойылатын болса, жақсы, жұмыс істей берсін. Ббұл практика өзін ақтамаса, бұл заңды қайта енгізуге болады. Нарықтағы жалғыз оператор болған соң таңдап алды. Егер іс жүзінде анықтамаса, оны да ауыстыруға болады.

Жаңа жылдан бастап Алматы облысындағы Қапшағай мен Ақмола облысындағы Бурабай қалаларынан өзге аймақтарда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар кассаларының жұмысына тыйым салынды. Демек, өз ұтысын банк картасына аударатын ойыншылардың саны артады. Ал олардың ұтқан қаражатынан нақты қанша процент ұсталатыны бәсті есепке алу орталығы жұмысын бастаған соң белгілі болады. Айтпақшы, уәкілетті органның дерегіне сүйенсек, жеңімпазды анықтау жұмыстары көп ұзамай аяқталатын көрінеді.