Павлодар облысында эпидахуал күрделі

Павлодар облысында соңғы тәулікте 219 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір қауіптіліктің қызыл деңгейінде тұр. Індет кеңінен етек жайып барады. Эпидемиологтар мұның бірнеше себебін атады.

Біріншіден ұзаққа созылған аязды ауа райы себеп. Екіншіден Жаңа жыл мерекелері кезінде халық босаңсып кетті. Қазір тұрғындар арасында өткір респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар саны екі есеге артқан.

Коронавирус індетінің таралуы жағынан Павлодар облысы көш бастап тұр. Бүгінгі күні ауру жұқтырған 12 мың 328 науқас тіркелді. Олардың 60 проценті немесе 7 мың 360-ы – облыс орталығының тұрғындары. Тығырыққа тірелген эпидемиолог мамандар аурудың өршу себебін анықтауға кірісіп кетті.

Батырбек Өлиев, облыстық санитарлық  эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Бұл негізінен ауырған адамдармен жақын араласқандар. Отбасы, туыстары мен қызмет барысында байланыста болғандар. Мәселен, кешегі тәулікте 219 адамнан табылды. Олардың 179-ы симптомды, 40 науқастан симптомсыз белгілер анықталды.

COVID-19 қаңтар айының екінші және үшінші онкүндігінде көптеп тарала бастады. Мамандардың айтуынша, инкубациялық кезең жаңа жылдағы басқосуларға сәйкес келеді. Аймақта қазір суық тиіп ауыру деңгейі де өткір тұр. 2020 жылмен салыстырғанда вирустық инфекция мен тұмау көрсеткіші екі есеге артқан. Ал коронавирус індеті қаңтар айының басынан өрши бастады.

Алғашқы аптада 549 оқиғасы анықталды. Өсім  5,8 процентті құрады. Қаңтардың екінші аптасында ауру жұқтырғандар саны 616-ға жетті. Ең көп деңгейі осы айдың үшінші онкүндігіне келіп отыр. 1339 оқиға. 12 проценттен асады.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қаңтардың 12 мен 13-де инкубациялық кезең өтті. Ковидпен қатар өткір респираторлық вирустық инфекция да кеңінен тарала бастады. Ал қаңтардың 20-нан коронавирус белгілері бар өкпенің қабынуы белең алды.

Суық тиіп ауыру деңгейінің артуына ұзаққа созылған аяздар әсер еткен. Өйткені көп қабатты үйлерде жылу параметрлері төмендеп кетті. Қазір күн жылынып, тұрғын үй секторындағы жағдай реттеле бастады.

Қанат Жылдыбаев, қалалық тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

– Қатты аяздарда көп қабатты үйлердің қабырғалары суып кетті. Әсіресе панельді үйлерде тұратындар үшін қиын болғаны рас. Халықтың шағымы бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді.

Ал дәрігерлер коронавирус індетінің көптеп анықталуына кең көлемді ПТР-зерттеулердің үлесін қосады. Облыс аумағында жұмыс істеп жатқан 7 ПТР-зертханада бір күн ішінде 2 мыңдай тест жасалады. Мәселен, бұл зертханаға үш ауруханадан сынама материалдар түседі.

Баян Шахмарданова, ПТР зертхана меңгерушісі:

– Күніне біз 120-дан 220-ға дейін ПТР сынама қараймыз. Оның ішінде 3-тен 9-ға дейін оң көрсеткіш көрсетіп жатыр.

Аймақтағы провизорлық госпитальдарда орын жеткілікті. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жинақталған. Аурудан жазылып шыққан науқастар саны артып отыр.

Мүсілім Солтанов, жұқпалы ауруларға арналған   модульді орталықтың директоры:

– Сырттан келген оқиғалар да бар. Бұл жерде шекаралас жатқан Ресей Федерациясынан келгендерді айтып тұрмын.

Бүгінде шекарадағы жағдай тұрақталған. Ауру жұқтырудың бірлі жарым оқиғасы тіркелу үстінде.

Жұқпалы ауруларға арналған модульді госпиталь жұмысын бастаған үш ай ішінде бұл жерде 800-дей адам емделген екен. Олардың басым бөлігі ауруынан айығып, отбасына қайтып оралды. Бұл жерде қазір 170 адам ем қабылдап жатыр. Олардың 14-і жансақтау бөлімінде екен. Біздің мұнда келудегі негізгі мақсатымыз – науқастарға жасалып жатқан жайдайды өз ауыздарынан есту.

Зинаида Жүнісова, емделуші:

– Мен 11 қаңтардан осында жатырмын. Жағдайымыз өте қиын болды. Қатты ауырдым, 64 зақымдану болып, жақ сақтау бөлімінде 3 күн жаттым. Ес-түзсіз болдым.

Беті бері қараған Зинаида Жүнісова жуық арада үйіне шығады. Күрделі эпидахуалға байланысты бірнеше мәрте қызыл аймаққа енген Павлодарда бүгін облыстық штабтың отырысы өтті. Аймақ басшысы коронавирусқа қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды. Тұрғын үйлерді жылумен қамтуды ісі де басты назарда болады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов