Атырауда құрылысшылар жалақыларын ала алмай жүр

Арызданып барар жер, басар тауы қалмапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды жұмысқа қабылдаған компания қызметкерлердің медициналық сақтандыру қорына жыл бойы ақша аудармаған. Зейнетақы қорына да қаражат құйылмапты. Жұмыс беруші бір-ақ күнде ғайып болған.

Атырау қаласының маңындағы Дамба ауылдық округінде салынып жатқан мектептің құрылысшылары екі айдан бері жалақыларын ала алмай жүр. Бір жылға жуық уақыт жұмыс істеген қызметкерлердің зейнетақы қорларына да тиісті қаражат аударылмапты. Енді қыларға амалы таусылғандар не істерін білмей дал.

Асхат Балыбаев, құрылысшы:

– Зейнетақы қорына ақша аудармаған. Төлемейміз деді соңғы әңгімеде. Бізде ақша жоқ, өздерің біліңдер дейді.

Жұмысшыларын сан соқтырып кеткен «Техника-Рем Строй» компаниясы құрылысты күн жылынған соң қайта бастаймыз деп уәде еткен. Алайда олар қызметкерлерінің қолына жалған құжат беріп, тайып тұрыпты. Тіпті оларда жұмыспен қамту орталығына барып тіркелуге мүмкіндік жоқ екен. Жұмысшылардың жиналғанын естіген құрылыс басқармасының басшысы да жедел жетті.

Мерей Жантөреев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қаражатты осы аптаның ішінде толық төлеп бітіреді, барлығына береді.

Десе де, ертегіден қажыған қызметкерлер сылдыр сөзге сенуден қалған. Біз мән-жайын анықтау мақсатында еңбек инспекциясын да шақырдық. Олар жұмысшылардың арыз-шағымын тыңдап, жағдайдың жай-жапсарын анықтайтындарын жеткізді.

Кемел Иманғалиев, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Біріншіден, біз мекемені анықтаймыз, қай жақта тіркелгені, қандай кәсіпкерлік субъектісі болып табылатынын. Айтуларына қарағанда, мекеме ОҚО-да тіркелген. Сондықтан да біз мекеменің тіркелген мекенжайына байланысты ОҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына арызды жолдаймыз.

Бұл мектептің құрылысы тамызда аяқталып, қолданысқа берілуі керек екен. Ал компания басшылары болса, телефон тұтқасын көтермей, қашып жүр.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин