Елімізде баспана бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы жоба іске қосылады

Баспана бағасын тұрақтандыру мақсатында арнайы жоба іске қосылады.

Бұл туралы үкімет отырысында «Отбасы банкі» басқармасының төрағасы хабарлады. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, тың жобаға Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жеке құрылыс салушылары тартылмақ.

Айта кетерлігі, жылжымайтын мүлік бағасының өсімін болдырмайтын шара мемлекеттік қаржыландырусыз іске асады. Бүгінде 548 мың адам баспана кезегінде тұр. Ақпанның 19-ы күнгі жағдайға сәйкес, зейнетақы қорындағы қаржы есебінен тұрғын үй мәселесін шешу үшін 98 мың өтінім түскен. 145 млрд теңге сомманы құрайтын 28 мың өтінім қанағаттандырылған.

Жалпы биыл 163 мың тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарда бар. Бұған 309 млрд теңге тарту көзделіп отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Біз 1 млн жуық отбасын үймен қамтамасыз ете аламыз. Барлығы осы жылы 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл өткен жылға қарағанда 2 млн шаршы метрге көп. Өңірлерде құрылыс маусымын уақытылы бастаудың маңызы зор. Жер учаскелерін уақытылы бөлу және оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізіп, тиісті жобалық құжаттаманың дайын болуын қамтамасыз ету қажет.

Бүгінде ел аумағында баспанаға мұқтаждардың қаржысын алып, міндеттемесін дұрыс орындамайтын 123 құрылыс компаниясы бар. Бүгінгі үкімет отырысында құрылысшылардың антирейтингісі жасалып, олармен жұмыс істеудің жаңа әдістемесі ұсынылды. Мәселен, құрылыс нарығында рейтингі төмен компанияларға халықтың қаржысы мемлекеттік біріңғай оператор арқылы тартылады. Яғни, тұрғындар оған үлескерлік салымын беріп, баспанаға қол жеткізу кепілдігіне ие болады. Енді мемлекеттік оператор рейтингісі төмен компаниялармен тікелей жұмыс істеп, олардың құрылыс жобасына қаржы тартады. Осылайша, құрылыс нарығындағы бақылау да күшейе түспек. Ал, қаржылық тұрғыдан тұрақты компаниялар үшін кепілдендірудің қазіргі жүйесі сақталады.