СҚО-дағы ауылдардың бірінде есірткі зертханасы анықталды

Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендердің бірінде синтетикалық есірткі жасайтын зертхана анықталды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні жасап, сатумен айналысты деген күдікпен отбасыны бір ұстады.

Жедел-тергеу шарасы барысында есірткі заттарының Петропавлда қолдан-қолға берілу арқылы сатылып, психобелсенді есірткі препараттарының облыс орталығынан 120 шақырым жерде жасалатындығы анықталды.

Жамбыл ауданындағы елді мекендердің бірінде полицейлер арнайы жарақтандырылған зертхананы тапты. Мұнда синтетикалық «тұз» жасауға барлық жағдай жасалған: нысан желдетіліп, түрлі қажетті ыдыстар, тіпті қорғаныш костюмдері мен респираторларға дейін болған. Заңсыз кәсіпті азаматтық некедегі ерлі-зайыпты және олардың жақын туыстары құрыпты.

Операция барысында полицейлер сатуға буып-түйіліп әзірленген 55 гр синтетикалық есірткіні тапты. Сондай-ақ зертханадан орауға арналған заттар, ұялы телефондар, дәріхана таразысы, арнайы дәптер және синтетикалық есірткіге ұқсас 700 гр ұнтақ табылып, алынды. Бұл аттардың барлығы сот-химиялық зерттеуге жіберілді.

«Бұл топты ұстау үшін өткен жылдың қазан айынан бастап орасан жұмыс жүргізілді. Қазір бұл дерек «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тіліміне енгізілді. Төрт күдікті – екі ер адам мен екі әйел қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Жыл басынан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 17 кг түрлі есірткі затын алды. 31 есірткі қылмысы анықталды. Осы қылмыстарға қатысы бар 42 адам ұсталды. СҚО-да синтетикалық есірткі кең таралып келеді. Былтыр өңірде 2 кг жуық есірткінің осы түрі заңсыз айналымнан алынды.