Семейде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға мерекелік дастархан жайылды

Семейде аз қамтылған және көп балалы отбасыларға мерекелік дастархан жайылды

Әз-Наурыз ежелден береке мен бірліктің бастауына айналған мейрам.

Осы ретте Семей қаласының пробация қызметі мамандары есепте тұрған еріктілермен бірлесе отырып, мерекелік дастархан жайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған шаһардағы тұрмысы төмен, аз қамтылған және көп балалы отбасылар шақырылды. Достық үйінде өткен шарада қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, ақ бата берілді. Өзге ұлт өкілдері ұлттық тағамдардан дәм татып қана қоймай, олардың жасалу жолы жөнінде сырға қанықты. Мұнан кейін мүмкіндігі шектеулі жандар мен қариялардың үйлеріне арнайы сыйлықтар апарылды. «Бұл ізгілік шарасы бір ай бойы жалғасын табады». - дейді ұйымдастырушылар.

Бауыржан Малғаждаров, Әуезов аудандық пробация қызметінің басшысы:

- Наурыз мейрамы негізінен осы бүкіл қазақстандықтар үшін халықтық, жалпы сүйікті мейрам болып келеді. Наурыз – көктемнің ғана емес, ізгіліктің, жақсылықтың мейрамы. Халқымыз мол дастархан жайып, адамдар бір-біріне дәм таттырып, ақжарқын көңілмен қарап, осы жерде апаларымыз ақ баталарын беріп жатыр. Әз Наурыз ізгілік пен ынтымаққа, сыйластыққа әкелетін іс-шара деп есептеймін. Ең бастысы, береке-бірлікті арттыру. Барлық қазақстандықтарға осы Наурыз мейрамын дарытуға, яғни өзіміздің өміріміздің салт-дәстүріне айналдыруға міндеттіміз деп ойлаймын.