Қарағандыдағы көп қабатты үйді пайдалануға беру мерзімі тағы кешіктірілді

Көп жыл баспана кезегінде тұрған бір топ қарағандылықтың қоныстойы бұл жолы да кейінге қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үй өткен жылдың тамыз айында пайдалануға берілуге тиіс еді. Кейін бірнеше мәрте кешіктіріліп, соңғы мерзім наурыз айына тірелген. Алайда жаңа жылды жайлы үйде қарсы ала алмаған тұрғындардың шыдамы таусылды. Халықтың базынасын өңірдегі әріптестеріміз тыңдап келді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағандының оңтүстік-шығысында бой көтерген 24 қабаттық «Трилистник» тұрғын үй кешенінің болашақ тұрғындары бір-бірімен тек осындай жиындарда ғана кездеседі. Себебі талай жыл күткен баспанасының табалдырығын аттай алмай, сабыры сарқылған.

Нұртас Дәкібаев, қала тұрғыны:

- Толық салынбаған үйге кіру өте қауіпті. Ертең өрт болса, оны сөндіре де алмайды. Шаршы метрі 140 мың деп тұр. Бірақ асып-тасыған үй болмайды, ол түсінікті. Бізге лифті істеп, өртке қарсы қызметтері істесе, қалыпқа келтіріп берсе болды, сол ғана қажет.

Тұрғындардың жанайқайын түсінуге болады. Себебі дәл осы мердігер салған көршілес орналасқан үй пайдалануға былтыр ғана берілген. Алайда, мұндағы тұрғындар қыс бойы біресе лифт істемей, енді бірде құбыр жарылып, жертөлені су басып, коммуналдық апаттардан көз ашпаған.

Тайхан Қалмаханов, қала әкімінің орынбасары:

- Құрылыс жұмыстары кезінде жеделсатымен жүруге тыйым салынғандықтан, олар бұзылды немесе нашар жұмыс істейді деген сөз шындыққа сай келмейді. Қазір лифтімен тек құрылыс материалдары ғана тасымалданады. Ал үй берілер кезде тағы бір тексеруден өткізіліп, содан кейін қолданысқа беріледі.

Құрылыс компаниясының өкілдері үйдің пайдалануға берілу уақытын осымен бірнеше мәрте кейінге ысырып келеді. Бұл жолы да кезекті рет уәде беріліп, жаңа мерзім айтылды. 

Серік Мұқашев, құрылыс компаниясының жоба жетекшісі:

- Осы жылдың келер айы, сәуірде үйді тапсырамыз. Пандемияға байланысты материалдарды тасып үлгермедік. Мамыр айына бармайды. Сәуірде бәрін тапсырамыз 100%.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан баспананы 200-ге жуық адам асыға күтіп отыр. Олар әлеуметтік құрылыстың сиырқұйымшақтанып, қолданысқа беру мерзімінің кейінге ысырыла беретініне наразы.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев