Қарағанды облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандар шипажайдан бас тартуға мәжбүр

Қарағанды облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандар жылына бір рет шипажайға берілетін тегін жолдамадан бас тартуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, енді бірінші топтағы әр мүгедек шипажайды өзі тауып, келісіп, көмекшісін ертіп баруға тиіс. Алайда, көмекшілерге кететін шығын қазынада қарастырылмаған, оны әркім өз қалтасынан төлейді. Ал бұған көпшіліктің мүмкіндігі жоқ.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- 14 жастағы Николай Шинкоренко соңғы рет шипажайға 5 жыл бұрын барған. «Ол кезде әлеуметтік қызмет тарапынан арнайы автобус пен көмекші бөлініп, алаңсыз ем алып қайтуға барлық жағдай жасалатын», дейді кембағал жанның анасы. Ал қазір заң талаптары өзгерген.

Татьяна Шинкоренко, Ақтас кентінің тұрғыны:

- Бізге әлеуметтік қызметкер хабарласып, кезегіміздің келгенін айтты. Бірақ жаңа заңға сәйкес, шипажайға мен көмекші ретінде бірге еріп баруым керек екен. Оның үстіне кететін шығынды түгелдей өз қалтамнан өтеуге тиіспін. Бұл шамамен 180 мың теңге. Ондай ақша менде жоқ.

Қазір жолдаманы тек әлеуметтік қызмет порталы арқылы ғана рәсімдеуге болады. Сол бойынша шипажайды, алатын ем түрлерін, тіпті баратын уақытты өзіңіз таңдайсыз. Бірақ бұл жерде мәселенің екінші жағы ескерілмей қалған.

Жәнібек Байтөков, Мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары:

- Мысалы өз бетінше жүріп-тұра алмайтын мүгедек бала жолдамаға өтініш берейін десе, көмекші ретінде еріп баратын анасына бір тиын төленбейді. Оның үстіне жол шығыны да қарастырылмаған. Амалы таусылған олар жолдамадан бас тартуға мәжбүр болады. Ал біздің министрлік ақша үнемдеп жатқандарын айтып жар салуда, сонда мүгедектердің есебінен жүру керек пе?

Негізі заңда көмекші еріп баруы міндетті деген талап жоқ. Бірақ жалғыз келген кембағал жанды шипажайлардың қабылдай қоюы екіталай. Сондықтан қазір түйткілді мәселені жергілікті бюджет арқылы шешудің тетіктері қарастырылып жатыр. Яғни, әлеуметтік көмекшіге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек берілмек. Бірақ бұл 60 мың теңге кететін шығынның үштен бірін ғана жабады.

Ермек Нұқсұйов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Әзірге бұл мақсатқа жергілікті қазынадан қаржы бөлінген жоқ. Облыс әкімі мәселені тез арада шешуді талап етіп, қала басшысына тиісті тапсырма берді. Енді нәтижесін күтеміз. Бұл бір күнде шешілетін шаруа емес.

Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі әрбір жан жылына бір мәрте шипажайға барып, 14 күн ем алуға құқылы. Қазір облыс бойынша кезекте тұрғандар саны 5500 адам болса, 2021 жылға тек 2500 жолдама бөлінген.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев