Ақтау қауіпсіздігі 700-ден астам бейнекамера арқылы бақыланады

Каспий жағасындағы қала қауіпсіздігі 700-ден астам бейнекамера арқылы бақыланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрқайсысы 2 шақырым қашықтықты түнде де анық көруге мүмкіндік береді. Тәртіп сақшылары жол ережелерін бұзу деректерін сол мезетте біліп отырады. Мемлекеттік нөмірін қарау арқылы кез келген автокөліктің және оның иесін жедел анықтайды. Бұл өз кезегінде көлікті ұрлап әкету немесе тонауға қатысты қылмыстың ізі суымай ашылуына септігін тигізуде.

Бір ай бұрын Ақтауда 127 бейнебақылау камерасы болды. Қазіргі уақытта тағы 600 құрылғы көше қиылыстары мен тұрғын үй аулаларына қойылды. Барлығы бірдей сандық үлгіде. Аумаққа 360 градуста шолу жасап, қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік нөмірін тасқа таңба басқандай көрсетеді.

Руслан Қауылтаев, ПД Жедел басқару орталығының аға инспекторы:

- Жедел басқару орталығына қарасты бейнебақылау камерасының саны 700-ден асты. Енді әкімшілік заңбұзушылықтар мен әртүрлі қылмыстың жолын кесуде еш кедергі жоқ. Күні кеше Толқын шағын ауданында жол апатын жасап, қашып кеткен көліктің 15 минутта қаланың басқа бөлігін таптық.

Жаңа бейнекамералар әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Сәуір басталғалы бері бірнеше тонау дерегі жедел ашылып, кінәлі тұлғалар қолға түсті. Айта кету керек, Ақтауда көп қабатты үйлердің кіреберісіне 1649 бақылау құралы орнатылған. Бұл құрылғылар да полицейлердің қолын ұзартып отыр. Әрі қала іші тұрғындар үшін қауіпсіз бола түсті.

Татьяна Запорожец, қала тұрғыны:                              

- Қазір жағдай тынышталды деуге болады. Бұрын түнгі мезгілде үй алдында бейтаныс біреулер топтасып, дарақы сөйлеп, мазаны алатын. Бақылау құралы тұрғанын көргесін басқасын айтпағанда, көршілеріміз де темекі тұқылын қоқыс жәшігіне тастайтын болды. Немере бағып отырмыз, солардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Бейнекамералар қаланың барлық жерінде болуы керек деп ойлаймын.

1 сәуірде үй кіреберісінде тұрған велосипедтің ұрланғаны жайлы хабарлама келіп түседі. Полицейлер сол маңда тұрған бейнекамера жазбасын көрген бойда 1 сағат ішінде күдіктіні қолға түсірді. Жалпы өткен 3 айда 50-ден астам қылмыс жедел ашылып, 7 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев