Қарағанды облысында қан плазмасына сұраныс артқан

Мәселен, тек соңғы 4 айда өңірдегі қан орталығы ауруханаларға 722 доза иммундық плазма жөнелтті.

Мұны мамандар індетті жұқтырғандар санының күрт өсуімен байланыстырады. Ал ковидті емдеудің ең оңтайлы жолы әзірге осы болып тұр. Алайда ерікті түрде қан тапсыратын донорлар тым аз дейді мамандар. Сондықтан коронавирустан емделіп шыққан азаматтарды белсенді болуға шақырады.

Нұрсұлтан Зарлық Қарағандыдағы емханалардың бірінде дәрігер болып еңбек етеді. Ақпан айында індет жұқтырып, қатты ауырған. Тәуір болған соң ағзадағы антидене мөлшерін тексертіп, көп екенін анықтайды. Сосын бірден донор болуға шешім қабылдапты. Осымен екінші рет қан плазмасын тапсырып отыр.  

Нұрсұлтан Зарлық, донор:

- Өз басым коронавируспен ауырып шыққан соң, қандай ауру екенін білгеннен кейін адамдарға көмек керектігін түсіндім. Әр ауырып шыққан адам көмектесу керек. Ол қан қайтадан орнына, қалпына келеді.  

Өткен жазда індет жұқтырғандар өте көп болғанмен қан плазмасын тапсыруға келісім беретіндер өкінішке қарай тым аз екен. Мамандар жазылып шыққан адамдарды жауапты болуға шақырады. Оның үстіне мұндай донорлардың әрқайсына 22 мың теңгеден өтемақы төленеді. Ал мұның ағзаға еш зияны жоқ, алынған қан плазмасы 24 сағаттың ішінде қайтадан қалпына келеді.        

Лариса Агапова, қан орталығының дәрігері:

- Бір донор 600 милилитр иммундық плазма тапсырады, ол сосын 200 милилитрден үшке бөлінеді. Кейінгі емдеу протоколы бойынша індет жұқтырған науқасқа 400 милилитр плазма құю керек, оны теңдей етіп екі тәулік ішінде саламыз. Осылайша ағзада антидене қалыптасады.

Дәрігерлер ковидті қан плазмасымен емдеудің тиімділігін мойындап отыр. Егер ауру асқынбай тұрып дер кезінде салынса, аз уақытта антидене қалыптасып, науқас тез сауығады. Қан орталығы өткен жылдың маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін ауруханаларға 722 доза жөнелтсе, соның 82 проценті соңғы 4 айда дайындалған.

Сергей Ким, ковид орталығы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Клиникалық протоколда плазманы кімдерге құюға болатыны анық көрсетілген. Біріншіден, науқастың вирус жұқтырғанына 10-12 күннен аспау керек, екіншіден өкпесінің зақымдану деңгейі 75 проценттен кем болуы шарт. Сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғанына 2-3 тәуліктен аспаған науқастарға ғана плазма салынады.

Мамандар келешекте тек ауырып тұрған адамдар ғана емес, вакцина салдырғандар да донор бола алатынын айтады. Ол үшін екпенің екінші компонентін алғандар тура 21 күн өткен соң ағзадағы антидене мөлшерін тексеру керек. Нәтижесі жақсы болса, плазма тапсыра алады. Демек, келешекте донор көбейіп, індетті жұқтырғандардың жылдам сауығуына жол ашылмақ. Тек ол үшін ерікті донолардың белсенділігі керек.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев