Вакцина оразаны бұзбай ма? Биыл тарауық намазы оқыла ма? – ҚМДБ жауабы

Сәуірдің 13-і күні Ораза айы басталады.

Биыл берекелі Рамазанда тарауық намазы оқыла ма? Ауыз бекіткен адам вакцина салдырса не болады? Екпе оразаны бұзбай ма? Бұл көптің көкейіндегі сұрақ.

Былтыр төрткүл дүниеде көп айтылған сөз «ковид» болса, биыл вакцина. «Екпені не істейміз?» дегенді жиі естиміз.

Оның үстіне Рамазан келді. Қуантып елді. Осы ретте мынадай сауал туындайды. Ауыз бекіткенде вакцина қабылдауға бола ма? Болады екен. 

Хасан Аманқұлов, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

- Ораза ұстаған адам екпе егетін болса оның оразасы бұзылмайды. Өйткені біздің ФИҚХ шариғат кітаптарында ішке табиғи жолмен, яғни ауыз, мұрын, тікішек арқылы азық кірсе, ол оразаны бұзады деп айтылады. Ал екпе ол азық емес зат. Екіншіден табиғи емес жолмен ішке енгізіледі. Яғни бұлшық ет арқылы немесе тағы басқа, мысалы ине салу арқылы ішке енгізіледі. Сондықтан екі шарт табылмағандықтан, біз шариғатқа негіздеп, біздің мазхабта, біздің ұстанымда екпе егу оразаны бұзбайды деп біз жауап береміз.

«Алатын екпеміз қалай?» Мұндай сауал да мүфтиятқа жолданған талай. Дін маманы «вакцина халал» деді. Қайсысы?

Хасан Аманқұлов, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

- Осы вакциналардың ішінде «Спутник V» туралы Ресейдегі әріптестеріміз арнайы сол препаратты дайындаған мамандармен кездесіп, толық мәлімет алып, оның халалдығы туралы және екпе егуге болатыны туралы арнайы пәтуа айтқан. Біз де сол пәтуаға сүйенеміз.

Ақ халаттымен де байланыстық. «Ораза ұстап, вакцина салдыруға медицина не дейді?» дедік.

Маржан Мырзалы, қоғамдық денсаулық сақтау саласының маманы:

- Егер ауыз бекіткен адам вакцина қабылдауды ұйғарса, ол кезде әлгі кісінің 3-4 күндей ораза ұстамағаны абзал. Кейін қазасын өтегені дұрыс. Себебі вакцина қанша дегенмен адамның иммундық жүйесіне әсер ететін иммундық биологиялық препарат саналады.

Биыл тарауық намазы оқыла ма?

Ораза кімдерге парыз? Ауыз бекіткен адам бірінші балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс болуы тиіс. Жолаушы болмауы шарт. Ал сапарда жүргендер, бала емізетін аналар оразасын кейін өтей алады.

Ал коронавирус жұқтырған ше? Дін маманы мұндай кісі аурудан айыққанша, аузын аша тұрса болады деді. Былтырдағыдай, биыл да бір жерге жиналып, ауыз ашуға болмайды. Ал тарауық намазы ше? Биыл оқыла ма?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Тарауық намазы оқылады. Егер ковид өршімей, сіз тұратын өңір «жасыл аймақ» саналса. Ал «қызыл аймақта» тиісінше тарауық болмайды.

Қорған Қонысбайұлы, Марат Диханбаев, Аят Дүйсенбаев

Сондай-ақ...