Елорданың Қоянды ауылындағы үйлерді су басты

Нұр-Сұлтан маңында орналасқан Қоянды ауылында үйлерді су басты.

Қазіргі уақытта құтқарушылар еріген қар суын арнайы техника көмегімен сорып жатыр. Бұл жұмысқа Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардан 17 бірлік техника, 9 мотопомпа және 49 маман жұмылдырылды. Қояндымен қатар, Талапкер, Қараөткел, Арайлы, Қаражар, Қызылжар, Ақмол, Қосшы, Қабанбай батыр, Қызылсуат және Жарлыкөл ауылдарында да көшелер мен аулаларды қар мен қар суынан тазарту жұмыстары қолға алынды.

Дариға Биғали, ауыл тұрғыны:

– Әсіресе, Екпін дегеннің үйі су астында қалды. Сосын Перизат деген жесір келіншектің жұдырықтай баласы бар. Солар үйінен шығып кетті. Қайда кеткенін де білмейміз. Судан өте алмай, біз хабарласа алмадық. Одан кейін басқа үйлерде адам жоқ.

Жомарт Асқаров, ҚР ТЖМ департамент басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда суды сору жұмыстары жүруде. Сорғымен суды тартып алып жатырмыз. 3 техника жұмыс жасауда. Кеше Ақмола облысынан 22 адам көмекке келді. Қолдан келгенше ауылды судан тазартып жатырмыз. Жұмыс жалғасады.