Өркениет көшінен қалып қойғанбыз – Шымкенттегі шағын аудан тұрғындары

Шымкент қаласындағы шағын аудандардың бірінің тұрғындары өздерін өркениет көшінен қалып қойғандай сезінеді.

Өйткені мөлтек ауданда жол жоқ. Тіпті тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орын да жасақталмаған.

Күн шайдай ашық болса, жолдың бұл бөлігімен амалдап жүруге болады. Ал жаңбырлы күндері ми батпағы шығып жатады. Оған бірде бір рет жөндеу жұмыстары жасалмапты. Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бұрын жолға өз күштерімен қиыршық тас төсеткен. Бірақ одан жағдай оңала қоймады.  

Лидия Миханова, қала тұрғыны:

– Батпаққа батып жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Осында 34 жылдан бері тұрып келемін, ешкімге ештеме керек емес сияқты...

Мария Працук, қала тұрғыны:

– Біз өзімізді қалада емес, облыстың ең түкпіріндегі бір ауылда тұратындай сезінеміз.

Ал жол бойында қоқыс қалай болса, солай шашылып жатыр. Өйткені мұнда оны тастайтын орын жоқ.

Лидия Миханова, қала тұрғыны:

– Ауладан шұңқыр қазып, тұрмыстық қалдықтарды сонда тастаймыз. Өртеуге болатынын отқа жағамыз. Бұл мәселе де шұғыл түрде шешуді қажет етеді. Жақында учаскелік инспектор келіп, қоқысты неге тазаламайсыңдар деп ұрсып кетті. Біз оны қайда жібереміз?

Ольга Ермашева, қала тұрғыны:

– Қоқысты бір рет келіп алып кетті. Содан кейін коммуналдық кәсіпорынның ауыр техникасын көрген жоқпыз. Ал біз ол үшін келісімшарт жасасып, ақша төледік қой.

Темір жол бойында орналасқан бұл көше қоршалмаған. Ойын балалары шойын жолға шығып кетеді. Үлкен кісілер де ары-бері емін-еркін өтіп жүреді. Бұл адам өмірі үшін өте қауіпті дейді тұрғындар.

Мария Працук, қала тұрғыны:

– Балалар өте көп. Оларды көріп қалған жағдайда ауладан айқайлап, ұрысқан боламыз. Бірақ ойын баласы бәрібір темір жолға шығып кете береді. Міндетті түрде қоршау керек.

Тұрғындар бұл мәселелерді жергілікті билік өкілдерінің алдында бірнеше мәрте көтергенін, бірақ оған ешкімнің құлақ аспайтынын айтты. Әкімдіктегілер аталған жағдайға байланысты былайша түсініктеме берді. 

Азамат Парманов, қалалық Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

– Сол жердің тұрғындары қоқысқа ақшасын бермеген. Сол себепті қазір алмай жатырмыз деді. Біз қазір ол кісілер келесі аптаның басынан бастап қайтадан келісімшартқа тұрып, қоқыс мәселесі шешілді. Екінші мәселе – пойыз жолдың қоршауы. «Қазақстан темір жолы» мекемесінің құзырындағы мәселе – темір жолды қоршау. Ол кісілердің басшылығына хатпен де шықтық, телефон арқылы да сөйлестік. Осы жуық арада олар қарастырамыз деп жатыр.

Әкімдіктегілер жолды жөндеуге уәде берді. Бірақ оның алдағы жылы жасалатынын ескертті. Өйткені алдымен инженерлік желілерін тартып алуымыз керек. Ол жұмыстар жақында басталады деді жергілікті билік өкілдері.

Ардақ Айбарұлы, Рауль Габитов