Макинскте мектептің техникалық жұмыскерлері түкке жетпейтін жалақыға жұмыс істеуде

Ақмола облысындағы Макинск қаласының мектеп қызметшілері жұмыс көп, жалақы аз деп наразы. Оның үстіне білім ошағының жазғы жөндеу жұмыстары үшін де техникалық қызметкерлерге ақы төленбейтін екен. Ал карантин кезінде жағдайымыз тіпті қиындады дейді мектеп жұмысшылары. 

Айына небәрі 50 мың теңгеге жетер-жетпес жалақы алатын тазалықшылар «қазір қарызға белшеден баттық» дейді.

Айтуларынша, айлықтың көтерілмегеніне 5 жылдан асқан. Өскені былай тұрсын, соңғы жылдары еңбекақы біртіндеп азайып барады.

Елена Мирно, мектеп тазалықшысы:

- Қаңтар айынан бастап біз айлықты 500 теңгеге кем алатын болдық. Себебі жалақының 2 проценті міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына аударылады. Ал біз оның пайдасын көріп отырған жоқпыз. Емделетін болсақ, кейбір дәрілерді өзіміз сатып аламыз. 

Оған қоса жазғы еңбек демалысында берілетін сауықтыру қаражаты да қарапайым жұмысшылар үшін қарастырылмағаны көңіл қынжылтады дейді тазалықшылар. Ал карантин кезінде елдің бәрі қосымша төлемақы алғанда оларға бір тиын да бұйырмаған. 

Людмила Ермаченко, мектеп тазалықшысы:

- Пандемия кезінде біз де медицина мамандары секілді тынымсыз жұмыс істедік. Жұрт қашықтан жұмыс істеп жатқанда біз мектепке келіп, антисептик, деохлор секілді химиялық заттарды пайдаланып жүрдік. Оның бәрі зиян ғой. Алайда оған қосымша ақы төленген жоқ.

Еңбекшілердің сөзінше, оларға жазды күні де тыныштық жоқ. Мектеп әкімшілігі тазалықшыларды ағымдағы жөндеу жұмыстарына тартып, ол үшін ақша төлемейді екен. Ал қарсы шыққандармен әңгіме бөлек.

- Холодно, жарко, идем. Нас никто не спросит. Не пойдете, увольняйтесь!

Ал мектеп директоры жазғы еңбек үшін ақы төленбейтінін жоққа шығармайды. Бірақ жөндеу жұмыстарына тазалықшылар өз еріктерімен шақырылатынын айтады. Алайда биылдан бастап бұл іске жалдамалы жұмысшылар тартылады дейді. Ал қызметкерлердің құқығын қорғайтын кәсіподақ өкілі мәселені талай көтергенін айтады. 

Қарлығаш Байтемірова, облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Бұланды аудандық филиалының төрайымы:

- Әрине жалақылары төмен. Бірақ, олар зиянды заттармен жұмыс істегені үшін қосымша ақы алады. Мәселен, 20 процент хлор үшін, ал, 30 процент дәретхананы тазалағаны үшін төленеді. Айлықтарын көтеру мақсатында облыстық және республикалық кәсіподаққа, тіпті, Білім және ғылым министрлігіне де хат жаздық. Бірақ, мәселенің әлі шешілетін түрі жоқ.

Наразылық білдіріп отырған бір емес, бірнеше мектептің қызметкерлері болған соң біздің келгенімізді естіп, осы білім ошағына ат басын тіреген аудандық білім бөлімінің жетекшісін сөзге тарттық.

Алайда «директор жауап берді ғой» деумен шектелген шенеунік қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Авторлар: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Сондай-ақ...