ШҚО-да вакцина кез келген тұрғын үшін қолжетімді

Ендігәрі кез келген шығыс қазақстандық вакцина салғыза алады. Өңірде жалпы 12 425 адам жұқпалы кеселге қарсы екпе ектірсе, соның көпшілігі дәрігерлер мен мұғалімдер болатын.

Кейіннен оған күштік құрылым қызметкерлері де қосылды. Енді COVID-19-ға қарсы вакцина барлық тұрғындар үшін қолжетімді. Жалпы облысқа 18 200 доза жеткізілсе, ертең тағы 22 мың дозасы әкелінеді. Шығыс қазақстандықтар e-gov жүйесіне тіркелу арқылы немесе өзіне қарасты медициналық ұйымға өтініш беру арқылы вакцина ала алады. Қазір өңірде екпе салу үшін қосымша медициналық қызмектерлер дайындалып жатыр. Әзірге 72 екпе егу пункті бар болса, келесі аптада бұндай орындар санын 100-ден асыру көзделген.

Ермек Омарбеков, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біз алдағы аптада 100-ден аса екпе егу пункттерін ашуды жоспарлап отырмыз. Қарапайым тұрғындарды тегіс қамту үшін бұндай пунктер  ірі кәсіпорындар мен сауда үйлерінің ішінде ашылатын болады. Бұл бір жағынан таңнан кешке дейін жұмыста жүретін азаматтар үшін аса ыңғайлы деп ойлаймыз. Тек екпе егуге келгенде жеке бас куәліктері болса жеткілікті. Бұл сол адамның екпе алғандығы жайлы деректі,базаға тіркеу үшін қажет.