Шымкент көшелерінің біріне республикалық газеттің аты берілді

Шымкент көшелерінің біріне республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің аты берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл мегаполисте 300-ге жуық көшенің атауы өзгерді. Айта кетейік, олардың бірі «Қазақ радиосы» деп аталады.

Атауы жоқ көшелер халыққа қолайсыздық тудырады. Бұны жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Бұрын олар тіпті жедел жәрдем шақыра алмайтын, өйткені нақты мекенжайы жоқ болатын. Қазір көше ресми түрде «Егемен Қазақстан» деп аталады. Еліміздегі басты басылым ғасырдан астам уақыт «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болып келе жатыр.

Дархан Қыдыралі, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы:

- Жер-су атауларын өткізу бойынша жиналыс өткіздік. Қазір 167 көшенің 152-сі мақұлданып, маслихаттың шешімі шығып жатыр. Осы Бозарық елді мекенінде зиялы қауым өкілдері көп тұрады. Барлық БАҚ өкілдері тұрады, сондықтан ол кісілердің ұсынысы бойынша «Егемен Қазақстан» атауын жер-су аталарынан бөлек ұсынғаннан кейін бір жерінен «Қазақ радиосы», бір жерінен «Егемен Қазақстан» атауы беріліп жатыр.

Еліміздегі басты газеттің атауын көшеге беру туралы бастама былтыр көтерілген. Бірден көпшіліктің қолдауына ие болды. Ашылу салтанатына белгілі журналистер мен жазушылар келді. Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында 325 көшеге атау берілді.

Марат Тәжібаев, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұл тек қана қазақ баспасөзі емес, осыған еңбек сіңірген үлкен Алаш арыстарына, қарымды қайраткер қаламгерлерге, басылымда әр жылдары қызмет көрсеткен журналист ардагерлерге көрсетіп жатқан құрмет деп есептеймін. «Егемен Қазақстанға» бұдан бұрын елордамызда «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы орналасқан көшенің атауы берілген болатын.

Қазақтың «Жер-судың аты – халықтың хаты» деуі тегін емес. Жуыра дәл осы шағын ауданда «Қазақа радиосы» көшесі пайда болды. Өлкенің табиғи ерекшеліктері мен өзгешелігін ескеріп, көшелерге лайықты атаулар берілген.

Авторлары: Рауль Ғабитов, Нұрмахан Бекмұратов