БҚО-да бензин бағасы шарықтап барады

Батыс Қазақстан облысында 92 маркалы бензиннің 1 литрі 175, ауылдық жерлерде 200 теңгеге дейін қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

АИ-95-тің бағасы одан да қымбат. Бағаны сұранысқа орай нарық реттейтін болған соң өңірдегі ірі жеткізуші операторлар жанармай құнын сатып алу бағасына сай жиі құбылтып келеді. Бензин жоқ болған соң кей бекеттер жабық тұр. Ал облысты толық қамту үшін айына кемі 13 мың тонна АИ-92 маркалы бензин қажет. Аймақта жанармай жеткізумен айналысатын оннан аса ірі компания, 130 құю бекеті бар. ал қазір олардың кейбірі ғана АИ-92 маркалы бензинді тек талонмен ғана беріп жатыр. Заң бойынша жанармай бағасын мемлекет реттемейді. Бірақ бензин құнының жиі құбылуынан ең алдымен қарапайым тұрғындар зардап шегіп отыр.

Александр Миронов, жүргізуші:

- Бәрі өзімізден шығады ғой, бірақ бензин бағасы шарықтап тұр. Кейбір жанармай құю бекеттерінде бензин атымен жоқ. Бұл өзекті мәселені тездетіп шешу керек деп ойлаймын. Егер жанармаймен қамти алмаса тағы бір зауыт салсын.

Бейімбет Мусин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Энергетика министрлігінің хабарлауынша, 24 сәуірде зауыт өз жөндеу жұмысын бітіреді екен. Кәсіпорындар Шымкент зауытынан көлемдер тасуда, жеткізу және сату бағалары қымбат болғандықтан, компаниялар бағаның көтерілуіне осымен айтып отыр. Мұнай базаларында АИ-92 маркалы бензинді жеткілікті көлемде әкеліп жатыр. Атырау зауыты қосылған соң жанаармай станциялары өз сату жұмыстарын қайтадан жандандырады деп ойлаймыз.