Талдықорғанда 70-тен аса автобустың жүргізушісі жаңа жылдан бері жалақы алмаған

Еңбекақыларын күтіп шыдамы таусылған жұмысшылар бүгін жолаушы тасымалдаудан бас тартып, наразылық білдірді.

Әлеуметтік төлемдері мен жалақыларын алмаған жүргізушілер мен жұмысшылар таңертеңнен автопарк алдына жиналды. Олар мекеме басшылығынан маңдай тер еңбекақыларын төлеуді талап етті.

Нұрдәулет Түндебаев, автобус жүргізушісі:

- Біздің айлығымыз сағатына 258 теңге. 258 теңгені сегіз сағатқа қосады, соны 15 күнге көбейткенде 30968 теңге шығады. Ең төмен жалақы қатарына да кірмейді. Одан налог ұстаған кезде қолыңа жиырма мың теңге шығады. Соны бермей отыр.

Автопарк басшылығы бұл жағдайға оқушылардың тегін жүруі үшін төленетін субсидияның уақтылы аударылмауы себеп болды дейді.

Болат Тілеубаев, жолаушы тасымалдаушы компанияның бас директоры:

- Бөлінбеді. Бөлінген жоқ. Содан кішкене қиындық бар. Талдықорған өте кішкентай қала. Одан түскен пайда ГСМ-ге ғана жетеді. Оқушылардың арқасында осы күнге дейін жұмыс істеп келдік.

Қанат Хамитжанов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі мәселе бойынша бізге өзімізге қатысты төленетін төлемақылар, мысалы, көпбалалы аналарға берілетін бізде бірінші екінші кварталға барлығы уақытылы төленген. Бізге белгісіз, ішкі себептермен жалақы төленбеуде. Осы мәселе бойынша әкім де, прокуратура өкілдері, еңбек инспекциясының өкілдерімен «Жанел» және «Ақ-нар» мекеме басшыларымен жиналыс өткізіліп, тексеріс жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді.

Наразылыққа байланысты бүгін он бір бағытта жүретін қоғамдық көлік желіге шыққан жоқ. Қалалықтарға діттеген жеріне автобуспен емес, таксимен баруға тура келді. Ертеңнен бастап жүргізушілер жұмысына оралады. Егер жақын арада жалақы төленбесе, бұл жағдай тағы да қайталануы мүмкін.

Шыңыс Қалиден, Еламан Райымбеков, Олжас Байбосынов