Енді коллекторлар займ алғандарға бөтен телефон нөмірінен хабарласа алмайды

Сенат Коллекторлар туралы заңның жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Құжат олардың жұмысын реттеуге бағытталған. Енді коллектор займ алғандарға бөтен телефон нөмірінен хабарласа алмайды. Олардың туыстарын да мазалауға рұқсат берілмейді. Ал байланысқа шыққан кезде міндетті түрде аудио/бейне жазба жүргізетін болады. Сондай-ақ заң жобасында микроқаржы ұйымдарының әрекеттері де қарастырылған. Мәселен, олар несиенің толық сомасын келісімнің бірінші бетінде жазуы тиіс. Жарнама жасағанда жылдық мөлшерлеме туралы ақпаратты да беру көзделген. Ал несиесін 180 күн бойы төлемегендерге комиссияны есептеу тоқтатылады. Айта кетейік, құжатта қарыз алып, оны уақытылы төлей алмағандарды қара тізімнен 5 жылдан кейін шығаруды ұсынылып отыр. Мұндай шешім шамамен 500 мың азаматтың қайта несие алуына мүмкіндік береді.

Ольга Перепечина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі - өзекті мәселе. Банктер соңғы 10 жылда қарызын қайтармағандарға қайта несие бермейді. Егер бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарса, 490 мың азаматымыз банктерден немесе микроқаржы ұйымдарынан несие ала алады.