Ақтауда Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы саябақ құрылысы басталды

Бірлік күні Ақтауда Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы саябақ құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аумағы 23 гектар болатын нысан 5 жылда салынып бітеді. Алғашқы кезеңде жасыл желек егу, субұрқақтар орнату және жаяу жүргіншілер жолын салуға басымдық беріледі. Сондай-ақ қалаға іргелес Ақшұқыр ауылында көп функциялы спорт кешені ашылды. Мұнда бір мезетте 500 адам жаттығады. Енді ауыл азаматтарына жүзу, бокс, көркем гимнастика үйірмесіне қатысу үшін қалаға барудың қажеті жоқ.

Ақшұқыр халқы көптен күткен спорт сарайы 3 қабаттан тұрады. Ортаңғы бөлігінде көркем гимнастика бөлмелері орналасқан. Ұлдар мен қыздар бөлек дайындалады. Әр топта әзірге 10-ға тарта баладан бар. Барлығы да үйге жақын жерде жаттығатын болды.

Әсем Жұмабек, оқушы:

- Бүгін біздің ауылда үлкен спорт кешені ашылды. Енді біз осында жаттығу жасаймыз. Қалаға барудың қажеті жоқ.

Екінші қабатта фитнес залы да орналасқан. Сәйкесінше, ауыл жастары зілтемір көтеріп, денесін ширатуға мүмкіндік алды. Бұл нысанның тағы бір артықшылығы – заманауи бокс шаршы алаңымен қамтылуында. Былғары қолғап шеберлері бапкерден үйренгенін рингте қайталап, өз шеберлігін шыңдауға кірісті.

Демеуші қаражатына салынған спорт кешенінің ашылу салтанатына аймақ әкімі Серікбай Трұмов қатысты. Ауыл азаматтарын бірлік мерекесімен құттықтап, аз қамтылған 15 отбасы баласына велосипед сыйлады.

Қанат Жұмабаев, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Биыл 4 спорт кешені салынуда. Екеуі алдағы уақытта пайдалануға берілетін болады. Біреуі Ақтау қаласындағы бокс орталығы. Осы Ақшұқыр ауылында «Ауыл – ел бесігі» аясында 160 орындық спорт кешендері салынып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту мақсатында  Мұнайлы ауданында және Қарақия ауданында спорт кешендерін салуды жоспарлап отырмыз.

1 мамыр күні ақтаулықтарды қуантқан жаңалық – жаңа саябақ құрылысы басталды. Мұнда бірнеше субұрқақ, балаларға арналған ойын алаңдары, жүгіру және велосипед жолдары салынады. Өлке климатына төзімді гүлдер мен тал егіледі. Тамшылатып суару жүйесі орнатылып, демалушыларды қатты желден тасалайтын қорғаныштар қойылады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев