Қаскелең халқының қазіргі қала келбетіне көңілі тоймайды

Қаскелең қаласының тұрғындары жол сапасына наразы. Өйткені шағын шаһарда 325 көше болса, соның жүзіне жөндеу қажет. Жергілікті халық тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет төгілуін тыйып, өзен бойына саябақты ретке келтірсе дейді.

Бірнеше жыл бұрын Қаскелең өзенінің бойындағы мына жерге саябақ салынған. Сол кезде аумақ қоршалып, ағаш көшеттері отырғызылыпты. Содан бері қараусыз қалғандықтан оның бәрі қурап, темірлері қолды болып кетті. Тұрғындар осылай деді.

Қайсар Әбітаев,  қала тұрғыны:

- Бала-шаға жүретін жер болған. Алды да бәлен млн салдық деді. Ал енді қараңыздар. Сонша млн салған жерде осындай бардак қалдыруға бола ма? Қараңыздаршы. Еккен ағаштары қурап, сынып жатыр. Астына бәрі труба жүргізгенсіді, оның бәрін ұрлап кетті. Ішім күйеді да ішім күйеді. Қаскелеңде осы ғана жер жақсы ғып, Европа етіп жасап қоюға болатын осы ғана жер қалды, қалғанының бәрі сатылып кетті.

Роза Өтегенқызы,  қала тұрғыны:

- Осыдан 7-8 жыл бұрын мына Қаскелең өзенінің жағалауына бұрынғы бетондарды қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұрынғы ескі бетонның үстіне арматурамен штырь қақты да бетондап, үстіне тағы бетон салынды. Бұрынғы бетондар жарылып кетті, үстіне құйылған бетонды көтере алмады ол салмақты. Сондықтан бетондар осылай құлап кетті. 

Ескі монша маңындағы тұрмыстық қалдықтардың үйіндісі Сәукеле ықшам ауданындағылардың басты проблемасына айналған. Қаңырап тұрған нысанның өзі де қаланың көркін қашырып тұр. Кезінде жекешеленіп кеткен мекеме бүгінде қаңғыбастардың бас қосатын орыны болып кеткен.

Анатолий Носенко, қала тұрғыны:

- Балалар ойнап жүреді. Қабырғалары құлап оларды басып қала ма деп алаңдаймыз. Қыз-келіншектер түнде бұл жермен өтуге қорқады.

Рахымжан Қошқарбаев көшесіндегі тұрғындардың асфальт төселуін тосқанына 40 жылдан асыпты. Өткен жылы су құбыры тартылған соң қара жолмен жүрудің өзі қиындады дейді жергілікті халық. 

Мария Алдабекова, қала тұрғыны:

- Мына кісілерді қалалық әкімдікке кісілерді жиып алып бардым. Сонда да бізге екі ауыз сөзін айтып істейміз деп шығарып салады. Міне нәтиже жоқ. Жаңбыр жауғанда балаларымыздың аяғына резеңке ботинка кигізіп жібереміз. Өзіміз аяғымызға пакет киіп көшеге шығамыз. 

Клара Нұржігітқызы, қала тұрғыны:

- Трубамызды жасап кетті барлық жер ой болып, дөң болып, өзіміз ақша жинап жасап көріп едік еш болмады. Әкімияттан өтініш жасаймыз осы көшемізді асфальттап, кішкене арық қазып, суды сайға кететіндей етіп жасап берсе деген үмітіміз бар.

Осыған дейін тұрғындар өзекті мәселесін айтып, әкімдікке бірнеше рет барған. Ал бұл жолы қала әкімінің өзі жұртшылықпен жүздесуге келді. Әрі жағдайды жақсартуға уәде берді.     

Асқар Мұқашев, қаскелең қаласының әкімі:

- Песчанно-гравийная смесь дейді, соны міндетті түрде жасап береміз. Балшық болмасын деп, аяқ таза болады. 100 процент оны жасап береміз. Асфальт туралы сөз қозғамайық. Нақты дайын болғанда қаражат, сол кезде айтамын. Бізде 325 көше түсіністікпен қараңыздаршы. 2018 жылдан бері 20 көшеден жасалып келеді. 

Аудан орталығындағы 100 көшенің тас жолына жөндеу қажет. Биыл соның үшеуіне ғана асфальт төсеу жоспарланған.

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев