Дамып кеткен заманда шаңын бұрқыратып қара жолмен жүрміз – ШҚО халқы

144 шақырымдық Аягөз-Қарауыл тас жолының әбден тозығы жетіп шұрық-шұрық тесілген. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының шалғай елді мекен тұрғындары шағым айтып отыр. Әсіресе мың жарымға жуық халқы бар Құндызды ауылы жол азабын тартып келеді.

Нысанға жауапты облыстық автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, әзірге күрделі жөндеуге қаржы қарастырылмапты. Алайда болашақта жобалық-сметалық құжат жасау жоспарда бар екен.

Аягөз-Қарауыл тас жолы Абай және Аягөз аудандарын жалғап жатыр. Алайда бұл жолды облыс тұрғындары ғана емес, басқа аймақ, тіпті ресейліктер де пайдаланады. Атақты Ақтамберді жырау, Шәкір Әбенов сынды ақындар дүниеге келген Құндызды ауылының халқы шоқалақтан көлігімз жиі сынып, діттеген жерімізге жете алмай әуреге түсеміз деп ашынады.

Қайырбек Тайтөлеуов, Құндызды ауылының тұрғыны

- Аягөз-Қарауыл тас жолы өте сапасыз жағдайда, күрделі. Тас жол жөнделмегелі 40 жылдай болды, жол сапасыз, жол жүру сын көтермейді. Осы биыл 1921 жылы Абай ауданы туристік аудан болуына байланысты үлкен осы тас жолымыз жөнделіп, асфальттанып халық игілігіне пайдалануға берілсе дұрыс болар еді деп есептейміз. Бізде 6 ай қыс, 6 ай жаз. Біздің мына шұқыма, ұсақ-түйек жұмыстарымызды ол көтермейді сапасы. Өйткені жол ойылып кетеді де жол сапасыз. Содан барып техника істен шығады. 

Абай ауданының тұрғындары Алматы бағытындағы пойыздарға міну үшін Семейге емес, осы жолмен Аягөзге барады. Өйткені жол шығынын азайтады, тиімді.

Ералы Бекен,  Құндызды ауылының тұрғыны:

- Күнделікті қатынаймыз десек те болады, енді ол артық айтқандық емес. Себебі біз жұмыстарымызды, қағаз жұмыстарымызды, дәрі-дәрмек алуға, дүкенге баруға сол арқылы аудан орталығына көп барамыз. Трастағы жолдың жамандығынан біз өзі қара жолымыз бар, трастың шетіне түсеміз. Қара жолмен шаңын бұрқыратып, сонымен барамыз еріксіз, басқа амалымыз жоқ енді. 21-ғасырда өмір сүріп жатқаннан кейін қаншама техниканың дамыған заманы, қаншама технология дамыған, небір ғалымдар неше түрлі ойлап тауып жатқан кезде мынандай трасты жөндемей қара жолмен жүргеніміз ол қазіргі заманға сай емес дүние деп ойлаймыз, арба жүретін жол. 

Облыстық жауапты басқармасының мәліметінше, бұл жолдың жалпы ұзындығы 218 шақырым екен. Алдыңғы жылы 15 шақырымға, былтыр 10 шақырымға орташа жөндеу жүргізіліп, оған 654 миллион теңге бөлініпті. Алайда әбден тозығы жеткен жолды күрделі жөндеуге әзірге қаражат қарастырылмаған.

Нұржан Жұмәділов, ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Орта жөндеумен ол әзірге келмейді, өйткені ол жолдың негізін ауыстырып, жолдың төсемін жаңадан күрделі жөндеуден өткізу керек. Сондықтан орта жөндеуге келетін мүмкіншілігі бар жерлерді жөндеп жатырмыз. Ал енді 60-104 аралығындағы 44 шақырым жол телімін күрделі жөндеудеуге біз жобалық сметалық құжат жасап, болашақта жөндейтін боламыз.

Жыл сайын бұл өңірге Абай-Шәкәрім кесенесін көріп, тарихтан тағылым алуға келушілер саны өсіп келеді. Ендеше Аягөз-Қарауыл тас жолының туризмді дамытуға да ықпалы зор. Дегенмен, өкінішке орай жақын уақытта мәселенің шешілер түрі көрінбей тұр. 

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы