БҚО-да киік өрісі мәселесіне қатысты жұмыс тобы құрылды

БҚО-да киік өрісі мәселесіне қатысты жұмыс тобы құрылды

Батыс Қазақстан облысында киіктердің көбеюіне байланысты жайылымы тарылған фермерлердің мәселесін оңтайлы шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймаққа іссапармен барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жергілікті шаруалармен кездесіп, уәжін тыңдады. Зоология институты мамандарының айтуынша, дала кербезін азайтудан гөрі екіжақты тиімді шешім қабылдау маңызды. «Өйткені киіктердің санын қалыпқа келтіру үшін мемлекет әу баста-ақ үлкен ресурстар жұмсады. Қазір жоспар әлі межеге жете қойған жоқ», дейді ол. Министр бұл бағытта түйткілді тарқатудың 3 тәсілін ұсынды. Алғашқысы – «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалын құру. Жоба бойынша барлық негіздемелер дайын. Екінші жолы – геологтардың араласуымен су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындау. Ал үшінші әдіс – Орал популияциясына жататын ақбөкендердің жартысын Жайықтың оң жағалауына өткізу.

Рауан Есенғалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Киік санының өсуі өзіміздің мал жайылатын жайылымымыз, одан қалса, қысқы азығымыз, шабындығымызды отап, зиян келтіріп отыр. Мәселелерімізді жеткізгендей болдық. Тез арада киік мәселесін, су мәселесін шешкенін жөн көреміз.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Қазірден бастап тиісті зерттеу жұмыстарын жасайтын боламыз. Ол үшін біз ғалымдарды тартамыз. Екі апта ішінде нақты техникалық тапысырыс жасап, киіктерге лайықты жерді анықтау керек. Бұл жұмыс біздің министрлікпен қолға алынып, біраздан кейін өздеріңіздің алдыңызда тағы да баяндайтын боламыз қандай нақты шешімге келгенімізді.