БҚО-да соғыс ардагері уәде етілген пәтерін ала алмай жүр

Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, соғыс ардагері Михаил Шепель шенділердің үй береміз деген уәдесіне әлі сеніп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Майдангер қазір аудан бойынша үй кезегінде бірінші болып тұр. Дегенмен жасы 95-ке келген қария биылғы жеңіс мерекесі қарсаңында да қоныс тойын тойлай алмады.

Ал әкімдіктегілер ақсақалдың алдағы күзде көптен күткен пәтеріне қол жеткізетініне сендіріп отыр.

Михаил Ивановичтың жасы тоқсан бесте. Қария қан майданға алғаш 1943 жылы аттанады. Әуе-десанты полкының құрамында Еуропа елдерінің тең жартысын басып өтіп, кейін ауыр жараланған. Жеңіс туралы хабарды эшелонда келе жатып естиді. Қазір ақсақал Бөрлі ауылында тұрады. Сұрапыл соғыс күндерінен серігі болған сырнайы әркез жанында. Шабыты келгенде майдан әндерін шырқап, бір сергіп қалатыны бар. Былтыр әкімдіктегілер қарт жауынгердің өз өтініші бойынша баспана кезегіне тіркепті. 

Алсу Шепель, соғыс ардагерінің келіні:

– Біз былтыр бағдарламаға сай ардагерлерге пәтер берілуі тиіс екенін білдік. Сұрастырып көрсек, бәрі де біздің атамыздың не себепті осы кезге дейін баспанамен қамтылмай жүргеніне таңғалды. Рас, басында біз бұған аса мән бермедік. Бірақ қазір бұл кісі ұлғайды, жедел жәрдем көмегіне жиі жүгінетін болдық. Ал әкім 9 мамыр мерекесі қарсаңында пайдалануға берілетін үйден өзіңіз ұнатқан пәтерді таңдап аласыз деп еді.

Михаил Шепель, соғыс ардагері:

– Ол кезде үйдің іргетасы қаланып жатты. Міне, мына бірінші пәтер сіздікі болады деді. Ал кейін Ақсайда жұмыс істейтін ұлым ол үйдің әлдеқашан салынып біткенін, бірақ бізге не себепті берілмегенін сұрады. Мен айтамын, маған ешкім ештеңе хабарлаған жоқ, сұраған да жоқ деп. Әрине, егер сол жақтан пәтер берсе жақсы болар еді. Өйткені, ауруханаға жақын, жедел жәрдем де жылдам жетер ме еді?

Бірақ мамыр айының басында тапсырылған үй тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына арнап салынған болып шықты. Ал кезектегілер үшін бой көтеретін үйдің құрылысы үшінші тоқсанда аяқталады екен.    

Еркебұлан Ихсанов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:

– Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Шепель өз кезегі бірінші, жалғыз сол санат бойынша. Аудан орталығында 3 үйдің құрылысы салынып жатыр. Біреу 126 пәтерлі 9 қабатты, ол коммуналдық меншіктегі үй болады. Сол үй құрылысы аяқталғаннан кейін Михаил Иванович Шепельге тұрғын үй беріледі. Кезек нөмірі бірінші.   

Майдангер әркез газет оқып, кейде өлең де жазады. Аулада серуендегенді ұнатады. Тың кезімде қармағымды алып табиғат аясына тартып кететінмін. Өйткені, балық аулауға кеткен бір сағат уақыт өміріңді 10 жылға ұзартады ғой деп әзілдейді соғыстың соңғы сарбазы...   

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов