ШҚО: Абай ауданында ұлы ақынның мерейтойы кезінде уәде етілген су берусіз қалды

Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының орталығына ауыз су құбыры өткен ғасырдың 70-жылдары тартылған. Биліктегілердің әбден тозығы жеткен желіні былтыр жаңалап, ақынның 175 жылдық мерейтойы құрметіне іске қосамыз деген уәдесі бар еді.

Құрылыс басталып, уақытылы аяқталмаған соң көше бойында қазылған шұңқырлар халықтың мазасын қашырған. Қарауыл тұрғындары не де болса су берілсе екен дейді. Ал мердігерлер не дейді? 

Қарауылдық Сайлау Нұрпейісов 40 жылдан бері көшедегі колонкадан су тасып жүр. Өйткені есік алдындағы құдықтың суы ішуге жарамсыз, тұзды. Онымен мал суарады, бақшасына пайдаланады. Электр қуатымен іске қосылатындықтан уақыты да шектеулі. 

Сайлау Нұрпейісов, ауыл тұрғыны:

- Өткен ғасырдың 70-жылдары салынған су құбыры ғой, оны колонкадан алыстан тасып, әлі күнге дейін тасып келе жатырмыз. Содан алып пайдаланып келгенбіз, тозығы жеткен. Енді аманшылық болса, осы бірер айдың көлемінде таза су да жаңадан тартылып, құбырдан аламыз ба деп үміттеніп отырмыз.

Былтыр осы мәселені шешу үшін арнайы жоба жасалып, оны іске асыруға мемлекет қазынасынан бір миллиард 425 миллион теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 89 шақырым болатын жаңа су жүйесі тартыла бастапты. 1400-ге жуық үй өткен күзде сапалы тіршілік көзіне қол жеткізеді деген жоспар болған.

Серік Жұмағазин, мердігер мекеме өкілі:

- Абай атамыздың 175 жылдығы болғаннан кейін «кішкене тездетіп, осы былтыр беріп тастаңдар» деп тапсырма берген болатын. Енді оған карантин, көп материалдар ала алмай қалдық, көп жұмысшылар да болмай қалды. Содан кейін осы уақытқа дейін созылып кетті бұл жұмыс. Ал негізі өткізетін күніміз 31 мамыр осы жаздың. Оған бұйырса, үлгеріп келе жатырмыз.

Қазір судың қысымын тексеріп, құбырларды арнайы тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар наразылығын туғызған көшелерді қалпына келтіру мәселесі де шешімін тауыпты.

Сырым Рақымжанов, Абай аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысы:

- Мердігерлер өздері жоба бойынша 12900 шаршы метр асфальт қабатын қайта қалпына келтіру жобада қарастырылған болатын. Сол жұмыстарды бұл кісілер толық аяқтады. Және Баян көшесіне, басқа да көшелерге толықтай асфальт жайдыру. Енді біз сонымен қатар аудандық бюджеттен қаржы қарастырып, міне орталық үлкен көше Абай және Ералы көшелеріне ұзындығы 1800 метр жерге асфальт, орташа жөндеу жұмыстарын жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыстар басталып та кетті. Міне бордюрлер қойып жатыр мердігерлер, алдағы 2 айда жұмыстар толық аяқталатын болады.

Былтыр 200-дей тұрғыны бар Орда ауылына да шағын модульды станция орнатылып, оған 9 жарым миллион теңге жұмсалған. Енді Қарауылдағы жоба халық иігілігіне пайдалануға берілсе, Абай ауданында ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 процент болады екен. 

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы