ШҚО-дағы Абай ауданында жер дауы өршіп тұр

Бір шаруаның жайылымы қысқарып қалса, кейбірінің қыстағы мен үйі басқаның меншігіне заңсыз өтіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның кесірінен жұмысы тоқырап қалғандардың бірі – Мұрат Бақырбай. Қасқабұлақ ауылының тұрғыны жер қатынастары бөлімі 191 гектар жерімді ескертусіз аукционға шығарып, басқа біреуге заңсыз рәсімдеп берген деп шағымданып отыр. Асыл тұқымды мал өсіруді көздеген шаруа қазір құшақ-құшақ құжаттарын көтеріп, заң орындарының табалдырығын тоздырып жүр.

Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Мұрат Бақырбай шаруа қожалығын 1998 жылы құрған. Құжаттарын заңдастырып, 1441 гектар жерге малын өсіріп, қорасын салған. Өзі де жоғары білімді мал маманы болғандықтан, кәсібіне қарай нәсібін тауып еңбек етеді. Алайда 2013 жылы белгілі себептермен шаруашылық жұмысын тоқтатуға мәжбүр болыпты.

Мұрат Бақырбай, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мен денсаулығыма байланысты біресе Астана, біресе Алматыға қаралдым. Сонымен жүріп қалдым да, малымды туған балдызыма апарып тастадым. Олар ие болып отырды, техника бәрін соған апардым. Солар ие болды, бір екі жыл қарады. Сол кезде бұлар бұл ауылда бұл қожалық жоқ, мені өлді санап, менің сыртымнан жерді, қыстақты бәрін алады. Оны маған хабарлама жасамайды. Соттың шешімі жоқ, ешқандай ескертпейді. Біз аламыз деп егер маған ескертсе, мен малымды қайтадан алып келем ғой бұл жерге.

Шаруа қожалығына тиесілі 1441 гектар жер 2014-жылы сот шешімінсіз, тек аудан әкімінің қаулысымен мемлекет меншігіне қайтарылған. Алайда бұл туралы жер иесі бірнеше жылдан кейін кездейсоқ елден естіп, жағасын ұстағанын айтады.

Мұрат Бақырбай, шаруа қожалығының жетекшісі:

- «Ойбай, аға, сіз шулатпаңыз. Біз сіздің жеріңізді өзіңізге береміз, осы 2-3 айда қайтадан берілуі керек, күзге дейін тосыңыз, өйтіңіз, бүйтіңіз» деп, 2019 жылға дейін мені алдап келді. Содан 2019 жылы аукцион болады деді, аукционға қатыстым, жерімді алдым. Енді карта, қазық қақтырайын деп карта көруге барсам, менің 191 гектар жерді, қыстақтың басын бәрін бұлар алып алған. Оны екінші алған кісіге береді. Сонда мені мына қыстақтан бұлар төмен қарай лақтырып тастаған ғой. Ал енді мен сонда тыңнан қора салуым керек, тыңнан құдық қазуым керек, тыңнан үй салу керек, оған қазір менің шамам жоқ.

Тура осылай айдың күннің аманында жерінен айырылған бірнеше шаруа қожалығы болыпты. Бірақ ешқайсысы оны даулай алмаған.

Мұрат Бақырбай, шаруа қожалығының жетекшісі

- Біз сияқты адамдар бар. Мен ептеп шет жағасын сұрадым, кейбіреуі өліп те қалыпты, жоқ. Кейбір кісілер астанаға көшіп кеткен. Ақырын білсем, «қойшы бітті, кезінде алды», – дейді көбі. Енді бір шындық бар шығар, біздің мұң-мұқтажымызды көріп отыр. Соған сіздер жеткізсе екен деп осы жағдайға байланысты соны хабарласа екен деп сіздерді шақыртып тұрмын. Мен мұны әлі де қоймаймын, Жоғарғы сотқа, прокуратураға беремін. Енді біз Үкіметке масыл болмауымыз керек, өз бала-шағамызды өзіміз асырауымыз керек. Өз күнімізді өзіміз көруіміз керек!

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін, жауапты қызметті тек соңғы бір жыл ғана атқарып келе жатқанын айтады. Ал аудандық және облыстық сот мерзімі өтіп кеткен деп арызды қанағаттандырмаған.

Нұрсұлтан Қамалов, Абай аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- 2013 жылы бұл жер мемлекетке қайтарылды. Бұл қайтарылған қаулы облыстық жер қорғау және пайдалану басқармасы тарапынан бұл қаулы заңсыз деп атап көрсетілген болатын бұл кісі сотқа жүгінген жағдайда. Енді сот процестері өтті. 26 қаңтар 2021 жылғы соттың шешімі негізінде Азаматтық Кодекс 294-бабына сәйкес дәлелді себептермен мерзімін өткізіп алғандықтан бұл кісінің арыз-шағымын қараусыз, қанағаттанарлықсыз қалдырды. Сот шешімімен бұл кісінің 2013-жылғы қайтарылған қаулысы заңсыз деп танылып, жарамсыз деп күшін жоюға сот шешімі шығарылса, әрине ол кісінің арыз-шағымы бойынша соттың шешіміне сәйкес орындайтын боламыз.

Осындай дау-дамайлардың өршіп, жер қатынастарындағы былықтардың көбеюіне байланысты облыстық тәртіптік кеңес Абай ауданы әкімінің орынбасары мен бөлім басшысын орнынан алу жөнінде ұсыныс берген. Әзірге тек Нұрсұлтан Қамалов жұмыстан босатылыпты. Ал әкімнің орынбасары денсаулығы сыр беріп, емделіп жатыр. Алайда Мұрат Бақырбай сияқты шаруаларға мұндай жазадан келетін пайда болмай тұр. Ол әлі арыздарын арқалап, құзырлы орындардан оң нәтиже күтіп жүр.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы