Риддер қаласындағы өрт салдарын жоюға 557,5 млн теңге бөлінді

Таяуда Риддер қаласында болған өрт салдарын жою үшін үкіметтен жарты миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зардап шеккен отбасыларға берілетін жаңа үйлердің құрылысы басталып кетті. Бұл жұмыстар тамыз айында аяқталады. Ол туралы Шығыс Қазақстан облысына барған премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді. Өрттен зардап шеккен отбасылар саны – 30. Оларға үкімет резерві есебінен жаңа үйлер салынып жатыр. Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр, ал үй маңындағы жеке учаске көлемі – 10 сотық.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен аймақ басшылығына жаңа үйлерді салу жөнінде тапсырма берді. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. 15 тамызға дейін бәрін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен шілде айында жаңа үйге кіріп қалуларыңыз да мүмкін.

Тұрғын:

– Төтенше жағдай кезінде үйімізді, дүние-мүлкімізбен бәрін тастап кеттік. Бойымызды үрей биледі. Келешегіміз не болмақ деген сұрақ тұрды. Бізді қолдап, қорғап жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.