Ақылы жолдар: көлік жүргізушілері жол сапасына наразы

Ертеңнен бастап елімізде ақылы жолдар саны артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған жүк көліктерінің жүргізушілері қарсы шығып, 9 аймақта наразылық білдірді. Олар белгіленген тариф жол сапасына сәйкес емес дегенді алға тартады. Жүк көліктері әр шақырым үшін 5-25 теңге аралығында ақша төлеуі тиіс. Кей аймақтарда төлем 37 теңгеге дейін жеткен көрінеді.

Шымкенттік жүргізушілер ақылы жүйеге көшпес бұрын жол сапасын жақсартуды талап етіп отыр. Олар Ресей мен Еуропа елдерін мысалға келтіріп, жауапты мекемелерден таңдау мүмкіндігін ұсынуды сұрады. Егер жол сапасы сын көтермейтіндей болса, онда төлем алынбасын дейді. Сондай-ақ жүк көліктері үшін 37 теңге мөлшерінде бекітілгелі отырған тарифке де қарсы шықты.    

Орынбасар Мырзаев, көлік жүргізуші:

Жол деген тегіс болуы керек. Соған төлеуге болады. Мынау Темірлан көпірінің үстінен өтем дегенше машинаң шашылып қалады. Мына жердегі жігіттердің барлығы бүкіл әлемді аралап жүрген жігіттер. Қай жерде қандай жол бар, қай елде қалай төлейді бәрін біледі.

Бақтияр Жамбыл, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының директоры:

Біз тарифімізді 37 теңгеге белгілегіміз келді. Бірақ халық келіспей жатыр. Бұл мәселені басшылықпен ойластырып, бүгінгі айтылған барлық пікірді заңнамаға сүйеніп, шешім қабылдаймыз.

Енгізілгелі отырған ақылы жүйеге атыраулық жүргізушілер де қарсы шықты. Мұнда да жол сапасының белгіленген төлемге сай келмейтіні жөнінде көп айтылды. Ал жергілікті әкімдік өкілдері сапасыз аумақтар әзірге тегін болатынын айтады. Айтпақшы, олар аймақтағы жолдың 60 проценті қанағаттанарлық дейді.    

Ерболат Байғабылов, көлік жүргізушісі:

Ешқандай жол сәйкес келмейді. Жол ақылы болуы үшін екі жолақ болуы керек, ортасында бетон жол болуы керек. Екі жағы жабық болып, мал шықпауы керек. Не көп, мал көп. Адамдар қырылып жатыр. Мал да қырылып жатыр. Танитын жігіттеріміз де кетіп қалып жатыр малдың кесірінен. Жол қауіпсіз болуы керек ақшасын төлегесін.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

Әр участок бойынша талдау жасалынған. Тағы да айтарым, бұл жерде сапасыз жол болатын болса, ақылы болмайды. Тариф жөнінде халықпен ақылдасып, республикалық деңгейде қазір барлық өңірлерден ұсыныстар алып, қаралып жатыр.

Ал алматылық наразы топ Алматы – Нұр-Сұлтан тасжолының бойында, Қаскелең көпірінің тұсында жиналды. 100-ге жуық жүргізуші ақылы жүйеге қарсы екенін айтады. Оған жол бойында көлік жөндейтін орындардың аздығы, сапаның нашарлығы және күтімге жуаптылардың өз міндетіне салғырт қарауы себеп болып отырған көрінеді. 

Ербол Түктібаев, көлік жүргізушісі:

Қазавтожол ұлттық компаниясының өкілдері барлық аймақтағы жүргізушілердің талабы ескеріледі дейді. Ол үшін арнайы топ құрылып, қазір келіссөздер жүріп жатыр.

Талғат Смағұлов, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары: 

Күрделі жөндеуден өткен, реконструкциядан өткен учаскелер бірінші этапта ақылы болады деп жоспарлап отырмыз. Жөндеу жұмыстары жүргізіледі, содан кейін ғана ақылы болады.

Компания өкілінің айтуынша, бұл келіссөздер 2 аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Ал ақтаулық жүргізушілер өз талаптары орындалмаса, наразылық акциясын 10 күнге дейін жалғастырамыз деп отыр.