Қорғаныс министрлігінде Нұрлан Ермекбаевтың басшылығымен алқа отырысы өтті

Жиында жауынгерлік дайындықтың жай-жапсары сөз болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әскер әлеуеті таразыға тартылды. Олар қандай жұмыс атқарды? Былтыр қараша айында Президент берген тапсырмалар орындалды ма?

Көрші елдердегі кикілжіңді көріп жатырмыз. Сондықтан босаңсуға болмайды. Қазақ әскері қарымын қал-қадірінше күшейтіп-ақ жатыр. Індет өршіп, алқымнан алып тұрған тұста да жаттығудан қол үзген жоқ. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР қорғаныс министрі:

– Біз көп жағдайда дәстүрден тыс әрі созылмалы сипатта болатын геосаяси ахуал өршіген, жаңа жанжалдар туындаған заманға куәгер болып отырмыз. Бұл ретте әскери іс-қимылды жүргізу нысаны мен тәсілі өзгерген дәлдігі жоғары қарумен қазіргі заманғы қару-жарақ түрлерінің үлесі артқан. Сонымен қатар әскери іс-қимылды жүргізу ауқымы мен саласы кеңеюде.  

Сарбаздар тың әдістерді жаппай меңгеріп жатыр. Былтыр 20 мыңға жуық практикалық атыс өткен. Әскери ұшқыштар шеберліктерін шыңдап алды. Әскери теңізшілер де тыным таппады. Теңізге 17 рет шығып, 2 мыңнан аса жаттығу өткізді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР қорғаныс министрі:

– Қарулы Күштер болып жатқан өзгерістерге бейімделумен қатар, сын-қатерді жан-жақты талдау негізінде оларды алдын алу бағытында жұмыс істеу қажет. Осыған байланысты Қарулы Күштерді одан әрі дамыту әскерлердің барлық параметрлерін сапалы жақсартуға бағытталуға тиіс.  

Былтыр Президент қорғанысқа жауаптыларға нақты тапсырма жүктеген. Сала басшылары соларды уақыт оздырмай орындап жатыр. Бұл күні ілгерілеу байқалады. Енді соны еселеу керек.  

Дастан Сейілханұлы