Нұр-Сұлтандағы сауда орталықтарында вакциналау пункттері жұмыс істеп тұр

Елорда бойынша бірнеше жерде вакциналау пункттері жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрқайсысына тәулігіне 200-300-дей адам келеді. Дәрігерлер оларға үздіксіз қызмет көрсетеді. Бүгін түсіру тобымыз арнайы екпе егу орындарын аралап, халықтың белсенділігін байқап қайтты.

Елорда бойынша вакциналау пункттері бірнеше жерде жұмыс істеп тұр. Халық көп баратын сауда орталықтары де ашық. Екпе алуға ниеттілер таңсәріден келе бастаған.

Ивуллам Абулғазиева, қала тұрғыны:

- Бала-шағам бәрі алды. Әйелім ертең келеді. Бірінші компонент алады. Бәрі вакцина алсын.

Вакциналау пункттерінде ең алдымен дәрігер-терапевттің қызметіне жүгіну қажет. Адамға екпені қабылдау немесе қабылдамау керектігін арнайы маман анықтайды. Келушілер арасында жіті респираторлы вирусқа шалдыққандар да бар. Ондайларға вакцина қабылдауға әзірге рұқсат етілмейді. Себебі, кері әсері байқалуы мүмкін.

Венера Нәби, дәрігер-терапевт:

- Қазір көрсеткіш күннен күнге белсенділік жоғарылап бара жатыр. Күніне 60 адам келетін болса, 3-4 адамда қарсы көрсетілімдер болады. ОРВИ боп тұрады.

Сауда орталықтарындағы вакциналау орындары күнде жұмыс істейді. Кешенді екпе егу шарасы тоқтаусыз жүріп жатыр. Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға халықтың да ниеті зор.

Қайрат Байкенов, қала тұрғыны:

- Бүгін жұмыстан сұранып келіп, елдермен қатар екпе алдым. Екеуін салдырып, өтейін деп отырмын.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Қазір елде 1 млн 166 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның екі бірдей компонентін алды. Ал екпенің алғашқы дозасына қол жеткізгендер саны 2 млн 208 мыңнан асады. Көрсеткіш күн сайын артып келеді. Қарқын жаман емес. Бүгін біз барған вакциналау пунктерінде келушілер саны тәулігіне 300-ге жуықтайды. Қарқын осылай жалғаса берсе, жыл соңына дейін қазақстандықтардың 55%-ін вакциналау міндеті орындалады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров