Картоп қашан арзандайды?

Солтүстік аймақтарда картоп тек бір жарым аптадан кейін ғана арзандай бастайды.

Павлодар облысының мамандары осындай болжам жасап отыр. Әдетте картоптың отаны саналатын бұл өңірде басқа жақтан келетін өнім түрлері күрт қымбаттап кеткен.  Қызылша – 450, пияз – 90, сәбіз – 400, ал картоптың бір келісі – 340 теңге. Кейбір өнім түрлерінің маусымдық қымбаттауы бұрын да болып тұратын. Бірақ дәл осындай жағдайды Павлодар тұрғындары ешқашан көрген емеспіз дейді.

Ботагөз Қамзина, сатушы:

– Картоп пен сәбіз, қызылшаның бағасы өсті. Бірақ ол бізге байланысты емес. Өнімді жеткізуші қандай бағаны бекітеді, біз сол бойынша сатамыз.

Еліміздің оңтүстігінде картоптың бір келісі 180 теңгеден сатылады. Өнім Алматының көтерме базарларынан солтүстіккке 220 теңгемен шығады. Жол мен көлік шығынын есепке алсақ, Павлодардағы баға шарықтау шегіне жетіп қалады.

Жергілікті картоптың бағасы арзандау. 270 теңгеден сатылып жатыр. Алайда өткен жылдан қалған өнімді іздеп табу қиын. Саудагерлер де оны төмен бағамен беруге құлықсыз. Өйткені сырттан келген өнімнің бағасы әсер етіп тұр. Биыл оңтүстіктен өнім өте қымбат бағамен келіп жатыр.

Мәдина Интекбаева, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды даму басқармасының бөлім жетекшісі:

– Бұл картап Алматы облысы Қарабұлақ ауылынан келген. Оның алқаптағы бағасы 180 теңгені құрайды. Алматының көтерме сауда базарларында 220-250 теңгеден сатылады. Логистикалық шығындарды қоса есептегенде бізге 300-320 теңгеден келеді.

Қазір тұрақтандыру қоры бос тұр. Онда картопты келесі маусымға дейін сақтауға мүмкіндік жоқ. Болашақ қор жинау үшін жергілікті өнім өндірушілермен жұмыстар жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 500 тонна картопқа келісім жасалған.

Данияр Шаймарданов, «Павлодар» ӘКК АҚ директоры:

– Біз өнімнің көлеміне қарай 68 теңгеден төлеп қойдық. Жаңа картоп ағымдағы жылдың қазан айынан бастап жеткізіледі.

Мамандардың болжамына сенсек, қымбатшылық ұзаққа бармайды. Жуық арада алқаптар картоп құнын 20 процентке арзандатады. Одан кейін саяжай өнімдері саудаға шығады. Оның баға саясатына еш қатысы жоқ.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат