Елордада қоқысты сұрыптау және шығару қалай жүзеге асырылады

Елордада қоқысты сұрыптау және шығару қалай жүзеге асырылады
Елорда әкімдігі

Елорда аумағы 24 учаскеге бөлінген, онда 15 000-нан астам контейнері бар 5 091 контейнер алаңы жайластырылған.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша кешенді жұмыстарды елордалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қолдауымен «Clean City NC» ЖШС жүзеге асырады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Күн сайын қала аумағынан 900-1000 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады.

Елордада 2018 жылдан бастап екі фракция – «дымқыл» (тамақ қалдықтары) және «құрғақ» (қағаз, пластик, шыны, металл) қалдықтар болып бөлек жинау жүйесі енгізілді.

Сары контейнерлерден сұрыпталған қалдықтарды ақ түсті қоқыс тасушы шығарады. Алаңның айналасындағы екі метр радиуста қоқыс іріктеледі. Жасыл және металл контейнерлерден қалдықтарды қызғылт-сары қоқыс тасушы шығарады.

Қалдықтарды шығару күн сайын сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін екі ауысымда жүргізіледі. Жағымсыз иістердің таралуын болдырмау, кеміргіштердің, жәндіктердің пайда болуын болдырмау, экологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзбау үшін және адам денсаулығы үшін контейнерлерді қауіпсіз дезинфекциялау құралдарымен жуу және өңдеу тұрақты негізде жүргізіледі.

Қала аумағында пайда болған барлық қалдықтар қоқыс өңдеу кешеніне шығарылады. Оның аумағында қалдықтарды қабылдауға арналған екі желі жұмыс істейді. Кешенде қалдықтар сұрыпталады, брикеттеледі және өңделеді.

Қайта өңдеуге жатпайтын брикеттелген ҚТҚ кейіннен көму үшін полигонға шығарылады.